Атырауда отбасылық үлгідегі балалар ауылы салынып жатыр

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласының маңында отбасылық үлгідегі балалар ауылы салынып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

​«Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдиннің айтуынша, отбасылық үлгідегі «Шаңырақ» балалар ауылының құрылысы қала маңындағы Талғайран ауылында басталған. Жайық өзенінің жағалауында орналасқан нысан 3 мың гектардан астам аумақты қамтиды. Мұндағы әр үйге 3 жастан 18 жасқа дейінгі 8-9 бала жайғаса алады. Ал 8 үйдің төртеуінде мүгедек балалардың жүріп-тұруына жағдай жасалады.

Балалар ауылын салып жатқан мердігер ұйымның ақпаратына сүйенсек, мәдени-спорт кешені бұқаралық іс-шараларды, жарыстар мен жаттығулар өткізуге мүмкіндік береді. Күн суық кезде де дене шынықтыру сабағын өткізуге болады. Сондай-ақ, жазғы спорт алаңы да бар.

«Құрылыс жұмыстары сапалы болуы тиіс. Бұл – мердігер компанияларға қойылатын басты талап. Өкінішке қарай, пандемияға байланысты пайдалануға беру мерзімі келесі жылға ауыстырылады. Бұл жоба Атырау облысының әкімдігімен арадағы келісім аясында жүзеге асырылуда. Балалар ауылының аумағында медициналық кабинеттер мен арнайы үй-жайлар орналасады. Санитариялық торабы бар дәрігер кабинеті, таңу және егу кабинеті, дәрі-дәрмектерді сақтайтын қойма, ұлдар мен қыздарға арналған изолятор және де санитарлық жағдайдағы оқшаулау бөлмелері бар. Балалардың жайлы өмір сүруі мен оқыту процесін ұйымдастыру үшін тігін цехы, психолог кабинеті, релаксация кабинеті, өзін-өзі тану кабинеті ашылады» -дейді Қайыргелді Қабылдин.

Қазір отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылының ескі ғимаратында 57 тәрбиеленуші тұрады. Енді олар жаңа, жылы, жайлы үйге қоныстанады.




Соңғы жаңалықтар