Атырауда шетел азаматы блокбекетті айналып өтпек болған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Өзбекстан азаматы блокбекетті айналып өтпек болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атырауда 2 сәуірде түнгі 00:30 шамасында Өзбекстан Республикасының 1986 жылы туған азаматы «Алмалы-Талдыкөл» селолары арасындағы қара жолдан Индер ауданы бағытына жаяу өтпекші болған. Ұсталған азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 476-бабына сәйкес хаттама толтырылды. Сот қаулысымен шетел азаматы бес тәулік қамалды», - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, кеше таңертеңгі сағат 08.20-да Алмалы блокбекетінен тыс айналма қара жолда «Toyota Camry» көлігінің жүргізушісі тоқтатылған. Полиция қызметкерлері төтенше жағдай режимін бұзған 1987 жылғы жүргізушіге қатысты хаттама толтырған. Бұл азамат та Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотымен қаулысымен 3 тәулікке қамауға алынды.

Бұдан басқа аталған жолда және Қараөзек блокбекеті маңайындағы қара жол бойынан тоқтатылған төрт көлік жүргізушісіне де ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 476-бабымен толтырылған хаттамалар сотқа жолданды.

Еске сала кетелік, Атырау қаласының айналасына төрт блокбекет орнатылып, 2 сәуірде сағат түнгі 00.00-ден бастап қалаға автокөліктер мен адамдардың кіруі және шығуына шектеу енгізілді.


Соңғы жаңалықтар