Атырауда табиғи ресурстар басқармасына жаңа басшы келді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысы әкімінің өкімімен Нұрлан Жантоқов облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұрлан Қойланұлы 1963 жылы Атырау облысының Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын тау-кен инженері, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтын экономист мамандығымен бітірген.

Еңбек жолын 1981 жылы Мақат ауданындағы баспаханада бастаған. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін 1989-1992 жылдары «Ембімұнайгеофизика» өндірістік филиалында жұмыс істеген. Кейін кәсіпкерлік қызметпен айналысқан.

1994 жылы мемлекеттік қызметке ауысып, халықты жұмыспен қамту саласында түрлі лауазымдарды атқарған. 1999-2003 жылдары Мақат ауданы әкімінің орынбасары, 2003-2007 жылдары Мақат ауданның әкімі болған. 2007-2010 жылдары Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған.

Ал, 2010-2021 жылдары түрлі кәсіпорындар мен компанияларда басшылық лауазымдарды атқарған. Биылғы сәуірден бері Махамбет аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінде эколог болып қызмет еткен.

«Құрмет» орденімен, II дәрежелі «Еңбек Даңқы» белгісімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда мемлекеттік қызмет істері департаментіне басшы тағайындалған болатын.


Соңғы жаңалықтар