Атыраудағы шаңды дауыл: Төтенше жағдай бақылауға алынды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда желдің күшеюінен туындаған жағдай бақылауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтың төрағалығымен күшті желге байланысты құзырлы сала басшыларының қатысуымен шұғыл жиын өтті.

Жиында төтенше жағдайлар департаменті, «Казгидромет» РМК филиалы, облыстық білім, құрылыс, сәулет-құрылыс, қаржы басқармаларының басшылары мен селекторлық бағытта аудан әкімдері қазіргі ахуал туралы баяндады.

«Қазір өңірде желдің екпіні күшейіп тұр. Тұрғындардың қауіпсіздігіне баса мән беру керек. Балалардың қауіпсіздігі үшін мектеп оқушылары қашықтан оқытуға көшірілді. Ал, балабақшалар тәрбиеленушілерді уақытша қабылдамайды. Жауапты салалар әсіресе, өмірлік маңызы бар нысандардың қауіпсіздігін күшейтіп, сақтық шараларын жандандыруы керек»,- деді Қайрат Бекенов.

Облыс әкімінің орынбасары тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.

Оның айтуынша, бүлінген ғимараттар анықталып, қалпына келтіру жұмыстары қолға алынады. Мақат ауданындағы екі мектептің шатыры жөнделіп жатыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда қатты жел тұрғын үйлер мен мектептердің шатырын ұшырғанын, шаһарда шаңды дауыл соғып тұрғанын хабарлап едік.

Соңғы жаңалықтар