Атыраулық монополистер жарық неге өшіп қалғанын түсіндірді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда электр қуатын беруде туындаған кедергілердің себептері айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде электр қуатын беруге байланысты туындаған кедергілер бойынша брифинг өтті. Журналистердің сұрақтарына «Атырау ЖЭО» АҚ, «Атырау Жарық» АҚ, KEGOK басшылары, сондай-ақ жергілікті атқарушы орган өкілдері жауап берді. «Атырау ЖЭО» АҚ президентінің айтуынша, 1 желтоқсанда сағат 11:20 шамасында кәсіпорында станса жұмысының техникалық жұмысы бұзылған, осыған байланысты Атырау ЖЭО электр энергиясын өндіру қуаты төмендеген.

«11.20-дан-18:30-ға дейінгі қабылданған шаралар бойынша Атырау ЖЭО-ның апаттық өндірісі қалпына келтірілді. Кәсіпорында тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша акт ұсынатын арнайы жұмыс комиссиясы құрылды. Сонымен қатар, бүгін Атырау облысына мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті басшысының бірінші орынбасары келді. Ол аталған желі бойынша тергеу жүргізеді», - деді Айвар Рахманов.

«КЕGОС» АҚ «Батыс жүйеаралық электр желілері» филиалының директоры Константин Чернохаевтың айтуынша, 2 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 08:57-де Маңғыстау облысының «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС №2 электр стансасында будың берілмеуінен қазандықтың агрегаты тоқтап қалған.

Компанияның айтуынша, 1 және 2 желтоқсан күндері электр қуатының өшіп қалуының бір-бірімен байланысы жоқ.

«Жарық әрі кеткенде 1 сағатқа өшірілді. Күн суытты, біз тұрғындарды ұзақ уақыт жылусыз және жарықсыз қалдыра алмаймыз», - деді «Атырау Жарық» АҚ қалалық бөлуші желілер басшысы Ғабиден Қанатов.

Айта кетейік, қазіргі таңда Атырау облыстық әкімдігі жанынан әкім орынбасары Жұмабай Қарағаевтың төрағалығымен жұмыс комиссиясы құрылды. Электр қуатын берудегі кідірістерді жою жұмыстары аймақ басшысының жеке бақылауында. Бұдан бөлек, апаттық жағдайды болдырмас үшін тиісті шаралар қолданылуда.

Соңғы жаңалықтар