18:58, 08 Желтоқсан 2019 | GMT +6
Атыраулық суретші өнердің жаңа бағытын ойлап тапты
АТЫРАУ. ҚазАқпарат- Атыраулық суретші өнердің жаңа бағытын ойлап тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ou Art» - атыраулық қылқалам шебері Ғани Көбей ойлап тапқан сурет өнеріндегі жаңа бағыт осылай аталады. Жаңалығы сол - өнер иесінің әр картинасын көрермен белгілі бір музыканы тыңдап тұрып қарауы тиіс.
«Автор өз туындыларын «бейсана айнасы» деп атайды. Оның картиналарынан өзіңізді, жан-дүниеңіздің әлдебір қуыс-қалтарыстарын көруге болады», - дейді, суретші туындылары қойылған «AitGallery» галереясының иесі Кенжебек Айтқожин.
Кенжебек Айтқожинның айтуынша, Ғани Көбейдің жаңа өнерінің көрмесі Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында өтіп, келушілердің ықыласына бөленген. Енді, атыраулық өнерсүйер қауым да өз жерлестерінің жаңа өнеріне баға бере алады.