Аудан әкімінің орынбасары мемлекетке 6,5 млн теңге шығын келтірген болуы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Аудан әкімінің орынбасары мен ауылдық округ әкімі лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланған. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-ші департаменттің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Қайсар Баржақсынов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Солтүстік Қазақстан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі СҚО Есіл ауданы әкімінің орынбасары мен ауылдық округ әкіміне қатысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Олар 2020 жылдың мамыр айынан бастап маусым айына дейінгі аралықта жеке меншік ұйымды тарту арқылы ауылдық округ әкімдігінің балансында тұрған бұрынғы мекеменің металл құрылғысын заңсыз бұзу және сату арқылы мемлекетке 2,5 млн теңге көлемінде материалдық шығын келтіру күдігіне ілінді», - деді тергеуші.

Оның атап өтуінше, жоғарыда аталған әкімнің орынбасары сумен қамтамасыз ету жүйесінің жөндеу жұмыстарына бөлінген бюджет қаражатына жеке меншігіне жүк автокөлігін сатып алу арқылы мемлекетке 4 млн теңге сомасында материалдық шығын келтіру күдігіне де ілігіп отыр.

«ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жариялауға жатпайды», - деді Қайсар Баржақсынов.


Соңғы жаңалықтар