«Аумақаралық соттылық»: Шымкенттегі сот ісі Петропавлда немесе Оралда қаралуы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Жоғарғы Сотының ресми өкілі Айдос Сәдуақасов сот жүйесіндегі жаңашылдықтарды айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтық процесс бойынша «Сотқа дейінгі хаттаманы енгізу» жобасын жүзеге асырамыз. Осы жоба қолданысқа енгізілген елдерде көптеген даулар сотқа жетпейді. Өйткені тараптар сотқа дейін бір-біріне барлық дәлелдерді ашып көрсетуі тиіс. Нәтижесінде азаматтар соттасқан дұрыс па, бұрыс па, шешім қабылдайтын болады», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Сот жүйесіндегі тағы бір жаңашылдық – «Аумақаралық соттылық» деп аталады. Бұл жобаның мақсаты – қазіргідей істі бір өңір аясында емес, тұтас республика шеңберінде қарастыру.

«Қазір соттарда кез келген істі судьяларға төраға емес, IT-жүйе кездейсоқ тәсілмен бөледі. Бұл – біздің жемқорлыққа қарсы құралымыз. Бірақ ол тек бір ғана соттың ішінде жұмыс істейді. Енді біз осы істерді еліміздегі барлық соттардың арасында олардың мамандануы бойынша бөлуді ұсынамыз. Мысалы, талапкер мен жауапкер Шымкенттен болса, олардың арызы Петропавлда немесе Оралда қаралады. Осылайша істерді қарау кезіндегі «бармақ басты, көз қысты» әрекет азайып, әділ шешімдер саны артады деп сенеміз», - дейді А. Сәдуақасов.

Ал «Үлгілі шешім» ресми өкілдің айтуынша, ұқсас мәселелерде бірізді шешім қабылдауға көмектеседі.

«Өздеріңіз білесіздер, соттарға ұқсас арыздар көптеп түседі. Мысалы, ломбард, тұрғын үй үлескерлері, әлеуметтік өтемақы алу, мысалы 42 500 теңге берілген кезде осындай істер барлық өңірде қаралды. Бірақ соттар түрлі шешім қабылдап, халықтың ашу-ызасын тудырды. Осы олқылықты болдырмау мақсатында жоғары тұрған сот осындай істердің біреуін алып, шешім шығарады. Бұл шешім «Үлгілі шешім» деп танылып, басқа өңірлік соттар басшылыққа алады. Мұнда судьяның тәуелсіздігі принципі сақталады, келіспеген жағдайда өзінің баламалы шешімін де шығара алады», - деп түсіндірді А. Сәдуақасов.


Соңғы жаңалықтар