Аустралия ашық чемпионатына келген 47 теннисші карантинде жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Аустралия ашық чемпионатына келген 47 теннисші карантинде жатыр, олардың арасында қазақстандық Юлия Путинцева бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннистен Аустралия ашық чемпионатының директоры Крэйг Тайли осыншама адамның карантинде жатқанына қарамастан, «Үлкен дулыға» турнирінің кесте бойынша, Мельбурнде 8-21 ақпанда өтетінін мәлімдеді.

«Біз індеттің қатерлі екендігін білдік. Соған қарамастан, Australian Open өтеді. Сондықтан қиын жағдайда қалған ойыншыларға барлық қолдан келген көмекті көрсетеміз», деді К.Тайли.

Сенбі күні Мельбурнге Лос-Анджелес пен Әбу-Дабиден ұшып келген ұшақ жолаушыларынан коронавирус табылған болатын. Соған байланысты бортта болған 47 теннисші карантинге жатқызылды. Олардың арасында Ю.Путинцевадан басқа Светлана Кузнецова, Виктория Азаренко, Марта Костюк, Бьянка Андрееску, Анжелика Кербер, Белинда Бенчич сияқты белгілі теннисшілер бар.

Карантиннің қиындығы сол, ойыншылар өздеріне күн сайын жаттығуға берілген бес сағатты пайдалана алмайды.

Бүгін Аустралия ашық чемпионатына ұшып келген төртінші адамның індет жұқтырғаны белгілі болды.

«Егер борттағы бір адам коронавирус жұқтырса, жолаушылардың бәрі карантинге жатқызылатынын бізге неге айтпағанын түсінбеймін. Олай болған жағдайда Аустралияға аттанбас бұрын дұрыстап ойланар едім. Бізге команда мүшесінің біреуі ауырса ғана толық оқшауланатынымыз жөнінде айтылды. Ұшақтағы басқа кездейсоқ адамдар жөнінде әңгіме болған жоқ», деп жазды Ю.Путинцева өзінің Твиттердегі парақшасында.


Соңғы жаңалықтар