Аустралия ашық чемпионатында алғаш рет тоғыз қазақстандық теннисші өнер көрсетеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін басталатын Аустралия ашық чемпионатында алғаш рет тоғыз қазақстандық теннисші өнер көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жылдың бірінші «Үлкен дулыға» турнирінде жекелей сында Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Тимофей Скатов, Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Зарина Дияс кортқа шығады.

Сондай-ақ жұптық сында Александр Недовесов, Андрей Голубев және Анна Данилина бақ сынайды.

Аустралия ашық чемпионатының алғашқы жарыс күнінде қазақстандықтардан әлемнің 42-ракеткасы Юлия Путинцева бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 107-орында тұрған франциялық Хармони Танмен өткізеді.

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 35-ракеткасы Александр Бублик турнирге арнайы шақырту алған, рейтингте 141-сатыдағы америкалық Эрнесто Эскобедомен шеберлік байқасады.

17 қаңтар күні сондай-ақ рейтингте 180-орындағы Михаил Кукушкин әлемнің 41-ракеткасы, тағы бір америкалық Томми Полмен ойнайды.

Сейсенбі күні қалған теннисшілерге кезек келеді. Бір өкініштісі, Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина мен рейтингте 104-сатыдағы Зарина Дияс өзара кездеседі. Яғни біреуі жарыс жолынан ерте шығып қалады.

«Үлкен дулыға» жарысына алғаш рет жолдама алған, рейтингте 255-сатыдағы Тимофей Скатов әлемнің 117-ракеткасы, словакиялық Норберт Гомбошпен сынға түседі.

Жұптық бәсекелер 19 қаңтар күні басталады.

Хорватиялық Франко Скугормен жұптасқан А.Голубев аустралиялықтар Дэйн Суини – Ту Лимен, А.Недовесов пәкстандық Айсам Курешимен бірге талайды көрген тәжірибелі франциялықтар Николя Маю – Фабрис Мартенмен таласады.

А.Бублик пен Польша өкілі Ян Зелинскидің қарсыластары – америкалық Маркос Хирон мен оңтүстіккореялық Сун Ву Квон.

Әйелдер арасында жуырда ғана Сидней турнирінің чемпионы атанған А.Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге испаниялық Паула Бадоса – тағы бір қазақстандық Е.Рыбакинаны сынап көреді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталғанын, Анна Данилинаның Сидней турнирінің жеңімпазы атанғанын, Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингіде рекордтық көрсеткішке қол жеткізгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық теннисші Мысырдағы жарыстың жеңімпазы атанды.




Соңғы жаңалықтар