Ауыл әкімдерін тікелей сайлау шешімдердің сапасы мен тиімділігін жақсартады - сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл әкімдерін тікелей сайлау шешімдердің сапасы мен тиімділігін жақсартады. Мұндай пікірді Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері Жанар Санхаева білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жан-жақты мағынада алып қарар болсақ, сайлау сайлаушыларының мүддесін білдіріп, олардың атынан шешім қабылдайтын лауазымды тұлғаны және депутатты сайлау құралы екендігі белгілі. Осыдан-ақ ауыл әкімдерін сайлау ауыл тұрғындарын жергілікті аумақтарды басқаруға тарту және оған қатысуын кеңейтудің негізгі тетігі екендігін байқауға болады. Дегенмен, Қазақстанда ауыл әкімдерін сайлау мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру және жергілікті өзін өзі басқару мен жергілікті демократия институттарын күнделікті тәжірибеге енгізуде маңызды бағыттардың бірі болып қала береді», - деді ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұқбатында.

Сарапшының атап өтуінше, бүгінде Қазақстандағы ауыл тұрғындарының үлесі ел азаматтары санының шамамен 40 пайызын құрайды. Бүгінде олардың мүддесін ауыл әкімдерін тікелей сайлауға дейін тек аудандық депутаттар ғана білдіріп келді. Осы ретте бұған дейін ауыл әкімдері аудандық депутаттардың-сайлаушылардың жанама сайлауы арқылы тағайындалып келгендігін атап өткен жөн. Демек, елімізде соңғы 20 жыл бойы ауыл әкімдерін жанама сайлау тәжірибесінің бар екендігін ескерер болсақ, ендігі уақытта олар тікелей сайлауға негізі бар деуге болады.

«Ауыл әкімдерін тікелей сайлаудан күтілетін нәтиже ретінде жергілікті жерлерде қабылданатын шешімдердің сапасы мен тиімділігінің арта түсетіндігін айтуға болады. Оған екі фактор септігін тигізеді. Біріншіден, қабылданатын шешім әрбір ауылдың қажеттілігіне байланысты жүзеге асырылады. Қазақстанда бір-бірімен айырмашалығы бар 2 мыңнан астам ауыл бар және ауыл әкімдерін тікелей сайлау институты оларды басқаруда бірегей әдіс қалыптастыруға септігін тигізеді. Екіншіден, ауыл басшысының келесі мерзімге қайта сайлануы сайлаушыларға, яғни нақты ауыл тұрғындары тарапынан қолдауға байланысты. Дегенмен, тұрғындар да өз өкілеттіктерін сайланатын әкімге беру арқалы жасаған таңдауы үшін жауапкершілік арқалайтындығын білуі тиіс», - деді Жанар Санхаева.


Соңғы жаңалықтар