Ауыл шаруашылығы министрлігінде Тамақ және өңдеу өнеркәсібі комитеті құрылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкіметке өз ведомствосына қарасты Тамақ және өңдеу өнеркәсібі комитетін құруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін іске асыруға қатысты сыртқы нарықтардың конъюнктурасы зерттеледі. Көлік шығындарын субсидиялаумен қатар, экспорттық өнімді сертификаттауға жұмсалған шығынға өтемақыны енгізу, сондай-ақ отандық ауыл шаруашылығы өнімін жылжытудың жаңа тиімді маркетингтік құралдарын енгізу мәселесі пысықталады. Импорттаушы елдердің нарықтарына егжей-тегжейлі шолу жасай отырып, «экспорттық гидтердің» үлгілік жүйесін енгізу жоспарланып отыр», - деді Сапархан Омаров Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуде бірыңғай саясатты қалыптастыру үшін тиісті функциялар мен қажетті штат санын белгілеу керек.

«Осы ретте Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамында Тамақ және өңдеу өнеркәсібі комитетін құруды ұсынамыз. Сондай-ақ, Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың келесі кезеңге арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасында Шикізат және өңдеу салаларын дамыту жөнінде бірыңғай тәсілдеме көзделетін болады», - деді ол.

Аян Бекенұлы


Соңғы жаңалықтар