Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арзан дизель отыны бөлінді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірігіп көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 1 литрі үшін 165 теңге арзандатылған бағамен 386 тонна дизель отынын бөлді. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев халық алдында есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүкіл әлемді шарпыған пандемияға байланысты жанар-жағармайға тұтынушылық айтарлықтай төмендеді. Елімізде енгізілген карантиндік шараларға байланысты өткен айларда мұнай өнімдерін тұтыну айтарлықтай азайды. Қазақстанда жанар-жағармайды тұтынудың төмендеуі мұнайды қайта өңдеуге арналған жоспарлы көрсеткіштерді өзгерту қажеттілігіне алып келген жоқ, яғни ол 17 млн тонна деңгейінде қалды», - дейді ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.

Оның айтуынша, қазақстандық мұнай өндеу зауыттарын жабдықтау нәтижесінде бүгінгі таңда ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз.

«2019 жылдың қорытындысы бойынша өз елімізде өндірілген бензин, дизель отыны, авиакеросин және мазутпен нарықтың қамтамасыз етілуі 100%-ға жетті. 2019 жылы шілдеде тыйым салыну алынғаннан кейін Еуропа және Орталық Азия елдеріне бензиннің экспорты басталды. Былтыр бензин экспортының көлемі 181 мың тоннаны құрады. Отандық мұнай өңдеу зауыттарының тұрақты мұнай өңдеуді қамтамасыз етуіне және мұнай өнімдері қоймаларының толып кетуіне жол бермеу мақсатында министрлік мүдделі органдармен бірлесіп мынадай шаралар қабылдады: бірінші, мұнай өнімдерін автокөлікпен Қазақстаннан тыс жерге әкетуге салынған тыйым алынып тасталды. Мұнай өнімдерін Кеден одағы елдері шегінен тыс жерге әкетуге салынған тыйым алынып тасталды. Экспортқа өткізілетін бензин мен дизель отыны бойынша акцизделетін тауар өндірушілер акциз төлеуден босатылды. Ресейден Қазақстанға бензин мен дизель отынын теміржолмен жеткізуге тыйым салынды. Мұнай өнімдеріне, оның ішінде бензин, дизель отыны мен мазотқа кедендік әкету бажының мөлшерлемесі жойылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, министрлік Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірігіп көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 1 литрі үшін 165 теңге арзандатылған бағамен 386 тонна дизель отынын бөлді. Қазіргі таңда министрлікке қосымша 60 мың тонна дизель отынын бөлу жөнінде ұсыныс келіп түсті. Біз бұл мәселені қарастырудамыз. Бұл шаралар көктемгі егіс жұмыстарын тұрақты жүргізуге бағытталған», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар