Ауыл тұрғыны сирек кездесетін аған көшеттерін ұрлап, істі болды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы Талғар ауданының полицейлері ұрланған 50 түп ағаш көшеттерін иесіне қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кезекші бөлімге Белбұлақ кентінің 42 жастағы тұрғыны өз ауласынан 50-ге жуық сирек кездесетін ағаш көшеттері ұрланғаны туралы арызданған. Ол ағаштың бұл түрін Польшадан әкелгенін айтқан.

«Бір сағат ішінде күдіктіні ұстап, көшеттерді заңды иесіне қайтардық. Күдікті зардап шеккен азаматтың 55 жастағы ауылдасы екендігі анықталды. Ол бұл көшеттердің сирек, жоғары өнімді таңқурай түрі екенін біліп, өзінің жер учаскесіне отырғызу мақсатында ұрлағандығы белгілі болды», - деді Талғар аудандық полиция басқармасының аға учаскелік инспекторы Сағи Нұрмаханов.

Бұл дерек ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша СДТБТ-да тіркелді. Күдікті мекенжайын өзгертпеу туралы қолхатпен босатылды.

«Жұмыс барысында күнделікті түрлі қылмыстарды ашуға тура келеді. Олардың басым бөлігін ұрлық деректері құрайды. Ұрланған мүлікті тапқан кезде ауыл азаматтарынан шын жүректен алғыс аламыз және бұл біз үшін жоғарғы марапат. Халыққа қызмет ету, біздің қасиетті борышымыз бен парызымыз», - деп толықтырды майор Нұрмаханов.


Соңғы жаңалықтар