Ауылдағы еңбекке қабілетті адамдардың 40 пайызы қалаға көшкісі келеді - сауалнама

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауылдағы еңбекке қабілетті адамдардың 40 пайызы болашақта қалаға көшкісі келеді. Бұл туралы Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Арнайы жүргізілген сауалнамаға қатысушылар ауылдық жердегі ең басты қиындық ретінде жұмыссыздықты, жұмыс орындарын ашу керектігін атап көрсеткен. Еңбекке қабілетті адамдардың 40 пайызы болашақта қалаға көшуді жоспарлап отыр. «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының жүзеге асырылуы да бізді қатты алаңдатады. Егер аграрлық мамандықтар бойынша мемлекеттік гранттармен оқыған түлектердің жыл сайын тек 30 пайызы ауылда жұмысқа орналасатынын ескерсек, онда бюджеттен бөлінген 7 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланылып жатқанын байқауға болады. Сондықтан біз жас мамандарды ауылға тарту үшін жаңа тиімді механизмдерді қолдануымыз керек. Ресей мен Беларусь мемлекеттері сияқты ауылға қоныс аударушылар үшін тұрғын үйлер салуды қолға алу қажет», - деді А. Күрішбаев Сенаттағы ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі парламенттік тыңдауда.

Сенатордың айтуынша, аграрлық мамандықтар бойынша бітіруші курс студенттері арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы көрсеткендей, олардың 72 пайызы ауылдық жерге жұмысқа барғысы келмейді. Басты себептері: қаладағыдай жағдайдың болмауы, жалақының төмендігі және тұрғын үймен қамтамасыз етілмеуі.

«Қазіргі уақытта ауылдық аймақтарды дамыту «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында реттеледі. Сөзсіз, оны жүзеге асыру барысында ауылдардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуда, көптеген жетістіктерге қол жеткізілді.

Дегенмен, біздің сараптамалық талдауымыз көрсеткендей, бұл жобаның біраз кемшіліктері бар. Біріншіден, ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмыстары нақты үйлестірілмеген. Бұл процеске жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен жергілікті қоғамдастықтар тартылмаған», - деді депутат.

«Екіншіден, солардың бәрін экономиканың аграрлық секторын дамытудың мемлекеттік саясатымен тікелей байланыстыра алатын бірыңғай жүйенің іс жүзінде жоқтығы. Бұл жұмыста дамыған елдердің тәжірибесіне сүйену орынды. Өйткені бізді күтіп тұрған мәселелерді ол елдер әлдеқайда бастан өткерген. Олардың пікірінше, мұндай бағдарламалар министрліктер әзірлеген «кабинеттік шешімдерге» негізделмеуі керек. Бұл мемлекеттерде ауыл тұрғындары елді мекенін дамытудағы басым бағыттарды өздері белгілейді», - деді Ақылбек Күрішбаев.


Соңғы жаңалықтар