Ауылдарда 1 мыңнан астам мемқызметші жетіспейді: «Дипломмен ауылға» осы мәселені шешеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАҚпарат - Парламент Сенаты мемлекеттік қызмет саласындағы заң жобасына енгізілетін түзетулерді қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Қазақстан Республикасы Сенатының пленарлық отырысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі әзірлеген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы мақұлданды.

Аталған Заң жобасын Сенат депуттарына ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы А.Жайылғанова таныстырды.

Анар Жайылғанованың айтуынша Заң жобасы Елбасының және Президенттің мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру бойынша берілген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген.

«Заң жобасында « Дипломмен ауылға» жобасын мемлекеттік қызметшілерге қолдану, «А» корпусының кадр резервін жасақтаудан бас тарту, арнайы тексеру жүргізу кезеңін мемлекеттік қызмет өтіліне қосу, мемлекеттік қызметке орналасу бойынша конкурстық рәсімдерді оңтайландыру, жекелеген саяси лауазымдарға Президенттің шешімі бойынша біліктілік талаптарын белгілеу сияқты түзетулер қарастырылған», деді Анар Жайылғанова.

Сондай-ақ, ведомство басшысы заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен шығындарға әкеп соқпайтынын айтты.

Бұдан бөлек, Заң жобасында қарастырылған нормалардың бірі Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жауапкершілік қаралатын адамдарды басқа мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты жұмыстан босатуға тыйым салу.

Қолданыстағы заңдағы осындай шектеулер өз еркі бойынша жұмыстан босату үшін көзделген және құқық бұзушылық жасаған адамдарды жауапкершіліктен босатудың жолын кесуге бағытталған.

Мемлекеттік қызметке орналасу бойынша конкурстық рәсімдер оңтайландырылатын болады. Атап айтқанда, 3 кезеңдік конкурстық іріктеуден 2 кезеңдік конкурстық іріктеуге көшу. Яғни барлық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасындағы 2-ші ішкі конкурсты және жалпы конкурсты біріктіру ұсынылады.

Бұл конкурстық рәсімдердің уақытын қысқартуға және бос жұмыс орындарын толтырудың жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызметшілерге «Дипломмен ауылға» жобасының қолданылуы білікті кадрларды тарту үшін ауылдағы мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Агенттіктің мәліметінше, ауылдарда кадр тапшылығы мыңнан астам адамды құрайды. Бұл жас мемлекеттік қызметшілерге тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін берілетін көтерме жәрдемақы мен бюджеттік кредиттер алуға мүмкіндік береді.

Жалпы, Заң жобасы аясында 1 кодекске және 5 заңға түзету енгізу қарастырылған.



Соңғы жаңалықтар