Ауылдық округтердің ветеринариялық дәрігерлеріне қосымша өкілеттіктер берілмек

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мал шаруашылығы саласында білікті мамандар жетіспейді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тағы бір мәселе – мамандардың тапшылығы. Қазіргі уақытта жергілікті жерлерде ветеринарлардан басқа, зоотехник-технологтар мен зоотехник-селекционерлердің жетіспеушілігі байқалады. Әсіресе, өндірістік құс шаруашылығында кадрлық қамтамасыз ету бойынша күрделі жағдай байқалады. Сонымен қатар, жас мамандарды жергілікті жерлерге бекіту мәселесі өткір күйінде қалып отыр», - деді министр.

Дегенмен, оның айтуынша, қазіргі уақытта мал шаруашылығына ветеринарлық қызмет көрсетуді жақсарту бойынша іс-шаралар қабылданып жатыр.

«Орталық және жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтері арасында өкілеттіктерді бөлу, ветеринариялық қызметті өзіне тән емес функциялардан босату, ауылдық округтердің ветеринариялық дәрігерлеріне қосымша өкілеттіктер беру, сондай-ақ ветеринария саласын цифрландыру бойынша ұсыныстар әзірленді. Қазіргі уақытта мал шаруашылығы саласындағы жағдайды өзгерту және оның даму тұрақтылығын арттыру мақсатында министрлік нақты іс-шаралар қабылдауда», - деді Ербол Қарашөкеев.

Министрдің атап өтуінше, бұл іс-шаралардың барлығы «Ветеринария туралы» Заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы заңнамалық деңгейде нығайтылатын болады.

«Бұл заң жобасы осы жылы Парламентке енгізіледі. Алдағы уақытта мемлекеттік монополиядан барынша бас тарту және сол арқылы ветеринария саласына жеке инвестициялардың келуіне жол ашу көзделеді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар