Ауылдық жерлердегі инфрақұрылым мәселесін шешуге 800 млрд теңге бөлінеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауылдық жерлердегі инфрақұрылым мәселесін шешу үшін 5 жылдың ішінде 800 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауылдық жерлердегі инфрақұрылым мәселелерін шешу үшін 5 жылдың ішінде 800 млрд теңге бөлінеді. Бұл өз кезегінде 3,5 мыңнан астам ауылдағы 7 млн ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Жалпы ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тәсілі 2025 жылға қарай ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын және әл-ауқатын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік ашады. Мәселен, ауыл халқының сумен қамту қызметі 100 пайыз жететін болады», - деді министр.

Оның атап өтуінше, барлық ауыл тұрғындары жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді. Жергілікті маңызға ие жолдардың 95 пайыз жақсы жағдайға келтіріледі. 10 мың шақырым ауыл ішіндегі жолдар жөнделеді және салынады. Ауылдық жерлерде 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. 110 мың жер учаскелері жеке тұрғын құрылысы үшін қажетті инфрақұрылыммен қамтылады.

«Жалпы 12 мың шақырым инженерлік желілер салынады және жаңғыртылатын болады. Агроөнеркәсіп кешенінде 845 инвестициялық жобаны іске асыру ауылдарда 500 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», - деді Әсет Ерғалиев.


Соңғы жаңалықтар