Ауыр атлет Рахат Бекболат енді ересектер арасында сынға түседі

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы қызылордалық Рахат Бекболат енді ересектер арасында сынға түседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған ауыр атлет Рахат Бекболатпен кездесті.

Жүздесуге облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, облыстық ауыр атлетика федерациясының президенті Темірхан Кенжебаев, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Нұржан Смаханов және ауыр атлетикадан 4 дүркін әлем чемпионы Илья Ильин қатысты.

Қызылордалық 17 жастағы зілтемірші 11 қазан күні Сауд Арабиясының Джиддада қаласында өткен әлем чемпионатында 102 келіге дейінгі салмақта алтыннан алқа тақты.

Ол қоссайыстың қорытындысымен 355 келі салмақты еңсерді.

Осылайша Рахат жасөспірімдер арасында екінші мәрте әлем чемпионы атанды.

Кездесуде аймақ басшысы әлемдік аренада ел абыройын асқақтатып, олжалы оралған спортшыны жеңісімен құттықтап, игі тілегін арнады.

«Әрбір жеңіс еңбексіз келмейді. Елімізде қолдаудың нәтижесінде спортшылар үздіксіз жалықпай жаттығуға мүмкіндік алды. Әрбір жас жарысқа жауаптылықпен қарайды. Оларға білікті бапкерлер кеңесін беріп жүр. Осының арқасында осындай зор жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Боксшы Қамшыбек Қоңқабаев биыл Олимпиадада жүлделі оралды. Ендігі кезекте сенің бұл жеңісің -ел егемендігінің 30 жылдық мерейлі белесіндегі толағай табыстың бірі», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Жүздесу барысында Рахат Бекболат жарыс кезіндегі ерекше сәттерімен бөлісті.

Қолдау көрсеткен жанкүйерлеріне алғысын білдіріп, ел мәртебесін одан әрі асыруға дайын екендігін жеткізді.

Облыс әкімі Рахат Бекболатқа жерлестері атынан сый-сияпат ретінде демеушілер есебінен 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады.

Айта кетейік, Рахат Бекболат өткен жылы Перудің Лима қаласында онлайн форматта өткен Әлем кубогында жеңімпаз атанып, ел мәртебесін асырды.

Жүздесу барысында қызылордалық спортшы енді ересектер арасында бақ сынайтын айтып өтті.

Алдағы желтоқсан айында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында әлем чемпионаты жалауын көтереді.

Оған қазақстандық ауыр атлеттер Алматы қаласында дайындық жүргізеді.


Соңғы жаңалықтар