Ауыт Мұқибек: Мәжіліске жастардың келуі - бүгінгі күннің басты талабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибек ҚР «Сайлау туралы» жаңа заңы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның жаңа толықтырулар енгізілген нұсқасына қол қойды.

«Бұл заңның жетістігі - партиялық сайлау тізімінде әйелдер мен жастар үшін кемінде 30 пайыз квота енгізу қарастырылған. Жасырары жоқ, осыған дейін Парламентте жасы егде тартқан депутаттардың көптігі жұрт арасында сөз болғаны белгілі. Қазірдің өзінде Мәжілісте отызға тарта зейнеткер депутат отыр. Олардың алды сексен жастан асып кеткен. Президент таяуда Сенатта сөйлеген сөзінде экономикада түбегейлі реформа жүргізу керектігін, қолға алған саяси реформалардың жалғасатынын айтты. Реформа жүргізу үшін бірінші кезекте кемелді заң қажет. Реформаға даңғыл жол ашатын кемелді заңды білікті мамандар мен тәжірибелі тұлғалар жасайды», - деп атап өтті А. Мұқибек.

Спикер Елбасының «Болашақ» бағдарламасы аясында әлемнің үздік оқу орындарында білім алған жастардың көп екенін еске салды. Сондықтан, Мәжіліске жастардың келуі – бүгінгі күннің басты талабы.

«Өткен жылы 25 қарашада Елбасы «Nur Otan» партиясының өңірлік филиалдарының өкілдерімен кездескенде «Әрбір мәслихаттың сайлауалды партиялық тізіміне халықтың түрлі санатының өкілдері, отанына оралған қандастарымыз, мүмкіндігі шектеулі адамдар, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері енгені жөн», деген болатын. Елбасының бұл ұсынысы мәслихат сайлауында ғана емес, алда өтетін Мәжіліс сайлауында да ескерілсе, дұрыс болар еді. Әсіресе, елге оралған қандастардың өкілі. Себебі, мен 2015 жылдан бері Мәжілісте Көші-қонға қатысты заңнамалардың талқылауына қатысып келем. Парламентте бұл саланы жетік білетін маман жоқ», - деді ол.

Осы орайда Ауыт Мұқибек көші-қон мәселесінің қатты алаңдатып отырғанын жетізді.

«1991-2018 жылдар аралығында Қазақстаннан басқа елдерге көшіп кеткен адамдар саны 3,7 млн. адамға жеткен. Соңғы 3 жылда Қазақстаннан Ресейге 135 мың адам біржолата көшіп кетіпті. Көшіп кетіп жатқандардың 30 пайызы оқып-тоқыған азаматтар. Ал, 1991 жылғы 1 шілде мен 2019 жылдың 1 шілдесі аралығында тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алған этникалық қазақтардың саны 1 046 158 екен. Демек, көшіп кеткендер саны келгендерден үш есе көп», - деді ол.

Сарапшылардың пікірінше, шетелдерде 7 млн этникалық қазақтар тұрады. Бұл Қазақстанда тұрып жатқан 18,5 млн халықтың 38% құрайды.

«Шекара өңірлер бос қалуда. Бұл – мемлекеттің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Еңбек күші жетіспейді. Бұл – экономиканы дамтуға кедергі келтіретін басты проблема. Көші-қон саласының тоқыруына алып келген негізгі себептің бірі – оған қатысты заңнамалардың талапқа сай келмеуі дер едім. Сондықтан, «ҚР сайлау туралы» заңына енген бұл өзгеріс – осындай түйткілді түйіндерді шешетін, реформаларға жол ашатын Заң жобасын қабылдауға қауқарлы әрі жас мамандардың Парламентке келуіне мүмкіндік береді деп ойлаймын», - деді Ауыт Мұқибек.


Соңғы жаңалықтар