Автокөлікпен жолаушылар тасымалы кәсіпорындарына қандай қолдау шаралары керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жолаушылар тасымалымен айналысатын автокөлік кәсіпорындарының жанар-жағармай бойынша шығындарын өтеу керек. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП-ның алаңында өткен онлайн талқылау барысында ҚР Автокөлікшілер одағының бас директоры Сәбит Аманбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзіне қарағанда, ел азаматтарының қозғалысын қамтамасыз етуде автокөлік арқылы жолаушылар тасымалы саласы өз міндеттерін орындап келеді. Дегенмен, төтенше жағдай кезеңінде барша өңірлер бойынша жолаушылар тасымалы ағыны орташа есеппен алғанда он есеге төмендеді. Сондықтан тасымалдаушылар үшін күрделі жағдай туындап отыр.

«Егер де осылай жалғаса берсе, онда субсидиялау шаралары ескерілмеген өңірлерде, сондай-ақ кәсіпорындардың төлем қабілеті және қаржылық жағдайы кемшін жерлерде отын сатып алу қиындауы мүмкін. Мұнымен қоса, техникаға тиісті жөндеу шараларын жүргізу қиындай түседі, сәйкесінше көлік бағдарларын қамтамасыз ету мүмкін болмайды», - деді С. Аманбаев.

Осы орайда жергілікті атқару органдар тарапынан тиісті қолдау керектігін айтты.

«Сондықтан да Үкімет тарапынан тиісті шаралар қабылдануын көтеріп отырмыз. Бұл тұрғыда жергілікті атқарушы органдар кәсіпорындардың отын мен жүргізушілер еңбекақысы бойынша шығындарын өтеуі туралы қадамдарды ескерген дұрыс деп санаймыз. Сонымен қатар, биылғы жылы автокөлік кәсіпорындарын көлік және еңбекақы салықтарынан босатуды сұрап отырмыз», - деді ҚР Автокөлікшілер одағының бас директоры.


Соңғы жаңалықтар