Автосалондарда қосымша жабдық алуға мәжбүрлеу заңсыз - министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Автокөлік сататын орталықтарда қосымша жабдық алуға мәжбүрлеуі заңсыз саналады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет-ресурстарда автокөлік сататын орталықтардан автомобиль сатып алу кезінде олардың қосымша жабдық алуға мәжбүрлеуі туралы көп айтылып жүр. Осы орайда көлік өткізетіндердің бұл әрекеттері заңсыз саналатынын және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның талаптарына қайшы келетінін хабарлаймыз», - делінген ведомство мәліметінде.

Бұл тұрғыда көлік алатын адамдар осындай жағдайда тиісті өкілетті органға өтініш тастауы керек.

«Егер автокөлік сатып алатындар осындай жағдайға тап болса, тұтынушылардың құқықтарын қалпына келтіру үшін автокөлік орталығының атауын көрсете отырып, ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Нұр-Сұлтан қаласындағы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінуді сұраймыз», - деп аталып өткен хабарламада.

Осы орайда https://eotinish.kz, https://e-tutynushy.kz/, telegram: @kzpp_bot ресурстарында барлық қажетті мәліметтерді (фото, бейне, түбіртек) тіркей отырып, сауалдарды ресми түрде жіберуге болады.

Сонымен қатар, басқа да сұрақтар бойынша +7 (7172) 74-98-32, 74-98-36, 75-06-49 телефон нөмірлеріне хабарласу мүмкіндігі бар. Ал облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттерінен мына сілтемеде көрсетілген деректер бойынша кеңес алуға болады.


Соңғы жаңалықтар