Аягүл Миразова: Ұлттық мектеп жайлы жасқанбай айтатын кез келді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Еңбек ері Аягүл Миразова ұлттық мектеп жайлы айтатын кез келгенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тәуелсіздік алған кезден бастап Елбасы дәстүрлі Жолдауларында, оның ішінде «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында отбасылық институт мәселесі жайлы жазған еді. Мемлекет басшысы да Білім күні елдің бәріне ерекше ой салып, Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Қуанышымызда шек жоқ. Өйткені ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға арналған тарауында адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отырғанын жеткізді», - деді Аягүл Миразова «Отбасы күні» аясында ұлттық тәрбие беру мен отбасы құндылықтарын дамыту мәселелері талқыланған дөңгелек үстел отырысында.

Академиктің айтуынша, қазақ балаларын тәрбиелеуде ұлттың ойшылдарының тағылымын басшылыққа алуымыз керек.

«Батыстың бізге жақсысымен бірге жаманы да еніп кетті. Міне, сол үшін білімнен бұрын - тәрбие тұруы керек. Жаңа Жолдауда «ұлттың сапасын анықтайтын құндылықтар ретінде білім, еңбек, кәсіп, темірдей тәртіп, жауапкершілік, әділдік, тиянақтылық, ұқыптылық аталып өтті. Осының бәрі жанұядан басталып, балабақша мен мектепте шыңдалатын қасиеттер. Өзім 25 жыл директор болдым. Қазір бізде қазақ және орыс мектептері бар. Бұрын ұлттық мектеп дегенді көп айта алмадық. Енді қазір айтатын кез келді», - дейді ол.

Аягүл Миразованың сөзінше, тіліміздің қолданыс аясын барынша кеңейтудің арқасында мемлекетіміздің болашағын жарқын етуге болады.

«Сондықтан отбасы құндылықтары негізінде ұлттық тәрбие беру мәселесімен айналысқанда жаңа көзқарас, жаңа ұстаным керек», - дейді ол.



Соңғы жаңалықтар