«Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны: Алғашқы жеңімпаздар анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының алғашқы байқауы – «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Қорғаныс министрлігінен мәлім еткендей, квиз-викторина форматындағы сайыс төрт күн бойы өтті.

«Командалар ойынға кезекпен қатысты. Қатысушылар модератордың сұрақтарына ауызша жауап берді. Сұрақтардың форматы әртүрлі болды. Атап айтқанда аудио және видеосұрақтар, тест, фактілерді саралау, ребустар және логикалық тапсырмалар.

Квиз-викторинаның бес кезеңі тақырыптар бойынша ерекшеленді. Мысалы, Қазақстан тарихы, география мен қазақстандықтардың Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысуы бойынша сұрақтар қамтылды. Жеке кезеңдерде қатысушылардың тілдерді білуі, сонымен қатар логикалық ойлауы сарапқа салынды. Жастарға жауап беру үшін 30-дан 60 секундқа дейін уақыт берілді.


Нәтижесінде, үшінші орынға 25 сұрақтың 18-іне дұрыс жауап берген Нұр-Сұлтан қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық әскери мектептің тәрбиеленушісі Диас Мәулембердиев ие болды.

Екінші орынға «Батыс» өңірлік қолбасшылығының «Батыс» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Аружан Иманова табан тіреді. Ол 19 сұраққа дұрыс жауап берді.

Зияткерлік ойынның жеңімпазы ҰҚК Шекара қызметінің «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Даниял Жаркенов болды. Байқау жеңімпазы 25 сұрақтың 24-іне дұрыс жауап беру арқылы бір ғана қателік жіберді.

«Қатысушылардың алдында тағы да көптеген қызықты сайыстар күтуде. Жинның келесі кезеңі – «Айбын жұлдызы» шығармашылық байқауы. Аталмыш сайыста қатысушылар өздері дайындаған музыкалық-театрландырылған нөмірді ұсынуы керек», - деді министрліктен.

Естеріңізге сала кетейік, «Айбын» VI республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық шектеу шараларына байланысты алғаш рет онлайн режимде өтуде. Оны ұйымдастыру үшін Aibyn мобильдік қосымшасы мен веб-сайтты қамтитын арнайы аibynonline.kz онлайн-платформа әзірленді.

Жиынға еліміздің барлық өңірлерінен 39 команда қатысуда. Атап айтқанда, «Жас ұлан» республикалық мектептерінің, өңірлік әскери мектеп-интернаттарының, Қарулы Күштердің әскери-патриоттық клубтарының, ҰҚК Шекара қызметінің, ІІМ Ұлттық ұланының, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарының тәрбиеленушілері. Қатысушылардың жалпы саны 585 адамды құрайды.

Үйлестіру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласындағы Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында фронт-офис құрылды, онда Led-экранда жарыс барысы бақаланады.


Соңғы жаңалықтар