+7 (701) 759 90 19
USD 426.77 EUR 509.95
RUB 5.89 CNY 66.34
Jańalyqtar

Айдос Сарым: Президенттің екі жылында ішкі және сыртқы саясат рационалды бағытқа түсті

2021 жылғы 10 маусым 10:00
Бөлісіңіз:
Айдос Сарым: Президенттің екі жылында ішкі және сыртқы саясат рационалды бағытқа түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік еткен 2 жылда Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты рационалды бағытқа түсті. Бұндай пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар
Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану практикасы жалғасып келеді - Аманжан Жамалов Мәжіліс депутаты салық жинау деңгейіне пікір білдірді Ералы Тоғжанов балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданған іс-шараларды атады

«Бүгінде елімізде көзге көріне бермейтін бірақ үлкен түбегейлі өзгерістер орын алып жатқан сияқты. Президент бірінші күннен бастап «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынған болатын. Байқасаңыз, содан бері биліктің қоғамдағы жалпы мәселелерге әлеуметтік желідегі реакциясы әлдеқайда жылдам, әлдеқайда тез болды. Мұны жұрттың айтқанының бәрі міндетті түрде іске асады деп түсінбеу керек. Бірақ кем дегенде, бұл әңгіме биліктің құлағына жетіп жатқаны, ішкі саясат болсын, сыртқы саясат болсын кез келген өзекті даулы мәселеге реакцияның болуы, түсіндірме жұмыстарының жүріп жатуы – ұтымды жаңалықтың бірі және бүгінде тек жоғары жақтың пәрмені емес, саяси мәдениеттің, саяси дәстүрдің құрамдас бөлігіне айналған жаңа серпіліс деуге болады», - деді депутат агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Бұдан бөлек, сарапшы елде болып жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар туралы да айтып берді. Бұл ретте ол Ұлттық сенім кеңесі құрылғалы екі жыл өткенін, бір ғана Ұлттық кеңес аясында 17 заң, 3 Президент Жарлығы, 29 Үкімет қаулысы, 40-тан астам миинстрлердің шешімдері мен бұйрықтары жүзеге асқанын алға тартады.

«Олардың әрқайсысын нақты топтың немесе нақты әлеуметтік құрылымның мәселесін шешетін шешімдер деп айтуға болады. Қарапайым нәрсе – азаматтардың көлікте жүруі үшін қағаз түрінде емес, электронды куәлігінің болуынан бастап, өлім жазасынан бас тарту сияқты концептуалды адам құнын арттыратын шешімдерге дейін тізіп беруге болады», - дейді А. Сарым.

Оның айтуынша, партиялардың Парламентке өтуі 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендеді, жалпы әкімдер корпусының 91 пайызын өзі сайлайтын, өзі іріктейтін жағдайға жетіп отыр. Осы жаздан бастап алдағы екі жылда 2345 ауыл, кент, село, округ әкімдері сайланады.

«Бұл – биліктің халыққа жақындауы, жергілікті халықтың билікке ықпалының артуы, өзі қалыптастыруы, өзін-өзі басқару жүйесінің шынайы жүзеге асуы. Қазір «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» үлкен тұжырымдама қаралып жатыр. Ол қабылданса, әр ауылдың өз кеңесі пайда болады, яғни әкімдердің шешімін заңдастыратын, оларға пәрмен беретін заңды органға айналады. Яғни, ауылда толыққанды өзін-өзі басқару жүйесі құрылады деген сөз. Қазір ауыл бюджеті де жақсы талқыланып жатыр. Осы кезге дейін бес салық түрі, жақында қабылданған заңға орай, жерге қатысты тағы төрт салық ауылдық дәрежеге берілетін болды. Ауылдың халқы кеңес арқылы, жиын арқылы жергілікті салықтың бағамын өзі айқындайды. Яғни азаматтар саяси шешімге ғана емес, ауылдың болашағына қатысты экономикалық шешімдерді де қабылдайды. Өз бюджетін өзі жасақтай алатын, өз бюджетіне жаны ашып, салықтық түсімдердің көбеюіне өзі ықпал ететін дәрежеге жетеді. Мұның өзі – билік пен халық арасының жақындауына ғана емес, жалпы азаматтардың дүниетанымының өзгеруіне, елге, мемлекетке, кішкентай ауылына деген жауапкершілігі мен қызығушылығын арттыратын, қоғамның билік ісіне тікелей араласуын қамтамасыз ететін шын мәніндегі революциялық қадамдар», - дейді Айдос Сарым.

Сөз соңында А. Сарым Ұлттық сенім кеңесінде талқыланған жер мәселесіне тоқталды.

«Ең алдымен біз заң қабылдадық, ол бойынша Қазақстандағы жер шетелдіктерге сатылмайтын да болды, жалға берілмейтін де болды. Кішкентай ғана ұйымның ішінде бір пайызы шетелдік болса да, жалға берілмейтін заң бар, мұны үлкен тарихи шешім деп айтуға болады. Бұл мәселе шегеленіп, нақты шешімін тапты. Бүгін ғана Мәжіліс жер комиссиясында айтылған мәселелерге негізделген заң жобасын қабылдап, Сенатқа жіберді. Бұл да жер мәселесінің дұрыс шешілуіне, ашық кадастр, ауыл айналасындағы жайылым сынды кезек күттірмейтін өзекті тақырыптардың бірі деп айтуға болады. Жалпы алғанда ішкі және сыртқы саясаттың рационалды бағытқа түсуі, қисынға салынатын жағдайға түсуі, «әлемді басып озамыз» деген қияли жобаның жоқтығы қатты қуантады. Бүкіл саясат қарапайым қисынға негізделген. Бұл бәлкім, пандемияның біздің қоғамға әсері шығар – біз шығындарымызды нақты адамға керек, қоғамға керек мәселелерге ғана лайықтай білдік. Президенттің өзі жеке араласып, әлеуметтік желілерде көптеген мәселелерге реакция білдіріп отырды. Твиттердегі парақшасы арқылы-ақ дәрігерлердің уақытылы қаржысын ала алмауы сынды көптеген мәселенің дұрыс шешілуіне ықпал етті. Жалпы биліктің жаңа стилі, өзгеше саяси мәдениеті мен дәстүрі пайда болғаны айқын көрінеді», - деп өз сөзін түйіндеді Айдос Сарым.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Айжан Серікжанқызы

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT