Айгүл Қапбарова: Мемлекет басшысының ұсыныстары – уақыт талабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жолдаудағы тапсырмалар мен міндеттердің бірі -адам капиталын дамыту. Бұл туралы Сенат депутаты Айгүл Қапбарова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестицияны тартуды жаңа экономикалық бағдардың жеті қағидатының бірі ретінде атап өтті. Адами капитал әр адамның өмір бойы жинақтаған білімін, тәжірибесін, тіпті денсаулық жағдайын қоғамның пайдасына қызмет етуге мүмкіндік туғызады. Біздің халқымыз адам денсаулығын нақты капиталға балап, қысқа түрде «Денсаулық – зор байлық» деп тұжырымдады. Дені сау адам – жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның байлығы, мемлекеттің байлығы екені даусыз. Сондықтан денсаулығын күтіп, шыныққан, сөйтіп, қоғамды, елді дамытуға өз үлесін қосып жүрген азаматтың орны бөлек», - деді сенатор.

Осы орайда ол бұдан бұрын елімізде «Саламатты Қазақстан» деген мемлекеттік бағдарлама қабылданғанын еске салды. Ол да мемлекетіміздің әр азаматтың денсаулығын сақтауын, денсаулық сақтау саласын дамытуды көздейтін, жалпы алғанда адами капиталды дамытуды қолдайтын құжат болды.

«Денсаулықты сақтау, сапалы білім беру, жұмыс орындарын құру және кәсіби дағдыларды оқыту негізінде адамдарға инвестиция салу адами капиталды дамытуға ықпал етеді. Бұл кедейлікті жоюға және әлеуметтік тұрғыдан біртұтас қоғам құруға мүмкіндік беретін негізгі шарт болып табылады. Сондықтан бұл салаларға салынған инвестициялар бір-бірін толықтырады және күшейтеді. Бұл дегеніміз, қоғамымыз да, мемлекетіміз де қанаттас дамып, өркениетке қарай ілгерілей беру деген сөз. Жолдаудағы тапсырмалар мен міндеттердің мәні де осы – адам капиталын дамыту арқылы қоғам мен мемлекетті қатар дамытып, жоғары өркениетке ұмтылу. Бұл түптеп келгенде халықтың жағдайын, әл-ауқатын жасқартуға ықпал ететіні ақиқат», - деді А. Қапбарова.


Соңғы жаңалықтар