Аймағамбетов: Қазақ тілін ұлтаралық тілге айналдыруды балабақша мен мектептен бастаймыз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектепке дейінгі, орта және техникалық, кәсіптік білім беру ұйымдарында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту ісіне басымдық беруді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы мемлекеттік тілдің аясын кеңейту – бәріміздің парызымыз. Ол сөзсіз, түсінікті мәселе деп ойлаймын. Елбасының мемлекеттік тілді дамыту саясатына сәйкес, білім саласында біраз жақсы өзгерістерге қол жеткіздік. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы мемлекеттік тілді білім беру саласында дамыту бойынша бізге тапсырма берген болатын. Әрине, білім саласында тиісті өзгерістер болмаса қазақ тілін ұлтаралық тілге айналдыру қиынға айналады. Сондықтан келесі жылы Тіл комитетінің Білім және ғылым министрлігіне беріліп жатқаны бекерден бекер емес. Мұның бәрі жүйелі түрде осы саясатты жүзеге асыру үшін жасалып отырған қадамдар», - деді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің аппарат отырысында.

Министр қазақ тілін ұлтаралық тілге айналдыру мәселесі келесі жылдың басты шаруаларының бірі болатынын атап өтті.

«Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәні бойынша бағдарламаларды жетілдіру ұсыныстарын қолдаймыз. Университеттерде қазақ тілі пәнінің мұғалімдерін қалай даярлап жатырмыз деген мәселе бойынша да өзгертетін шаруалар бар. Ректорлар оны біледі. Біліктілікті арттыру курстарының мазмұнын өзгерту мәселесі де бар. Әдістеме, оқулықтар бойынша бір сөзбен айтқанда, жүйелі өзгерістер керек. Бірақ оның бәріне ғалымдар, әдіскерлер атсалысуы қажет», - деді ол.

А.Аймағамбетов негізгі мәселе – мектепте, балабақшада қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту екенін жеткізді.

«Орыс тілде оқитын балалар бар. Олар қазақ тілін 11 жыл оқып шыққанымен, қазақ тілін меңгеру деңгейін көріп отырмыз. Сағат саны бойынша қарайтын болсақ, қазақ тілінде және орыс тілінде қазақ тілі пәнін оқыту сағаттары тең. Бірақ сапа бойынша сұрақтар бар. Оны жасыруға болмайды. Сондықтан тиісті жұмысты атқармасақ болмайды», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар