Айтып келмеген алапат өрт: ШҚО-дағы қызыл жалынмен күрес қалай жүргізілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Иә, апат айтып келмейді. Бұл жолы да орманда шыққан от жақын маңдағы елді мекенге қас қағымда тарап кетеді деп ешкім ойламаған. Алапат өртті ауыздықтауға 500-ге жуық адам, 69 техника мен 2 тікұшақ жұмылдырылды. Бірақ талайды тығырыққа тіреген тілсіз жаудың екпінін қайтару оңайға соққан жоқ. Өрттің салдарынан 1 адам көз жұмып, 31 үй қирап, 5 автокөлік, 7 шаруа қожалығы және техникалық қызмет көрсету станциясы жанып кеткен.

Қас пен көздің арасында

10 мамыр күні түстен кейін Риддер орман шаруашылығында шөп өртеніп жатқанын байқаған Лесхоз кентінің тұрғындары «101» қызметіне хабарласқан. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жедел келді. Әуелде тілсіз жаумен күреске 6 техника мен жеке құрамнан 100-ден астам адам жұмылдырылған-тұғын. Алайда өртті өшіруге екпіні секундына 20 метрге жететін қатты жел кедергі келтірді.

Жылдам тараған жалын көп ұзамай жақын маңдағы кентке де жетті. Тұрғын үйлер отқа оранды. Құтқарушыларға көмек көрсету үшін оқиға орнына орманшылар, полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері ұмтылды. Өрттің салдарынан 1949 және 1980 жылғы екі ер адамды күйік шалып, жергілікті ауруханағаның жансақтау бөліміне жеткізілді. Ал тәртіп сақшылары 1948 жылы туған әйелдің мәйітін тапқан. Жалпы аумағы 300 гектардан асқан қызыл жалынмен күрес түні бойы жүргізілді.

Әйтеуір келесі күні таңғы сағат 7:00-де Лесхоз кентіндегі үйлерді шарпыған өрт толықтай сөндірілді. Бірақ орманда тілсіз жаудың беті қайтпаған. Сол кезде тікұшақпен барлау барысында ашық жанып жатқан жалын байқалмаған еді.

Шығыстағы алапат өрт жайлы мұқым республика жұртшылығы естіп, мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз бақылауында алды. Мемлекет басшысы Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды.

Анықталғандай, қызыл жалынның салдарынан 31 үй қирап, 5 автокөлік, 7 шаруа қожалығы және техникалық қызмет көрсету станциясы жанып кеткен. Өртенген үйлерде 72 адам тұрған, оның ішінде 11 бала бар. Қазіргі уақытта 13 азамат «Қазмырыш» ЖШС жатақханасына, қалғандары туыстарының үйлеріне орналастырылған.

– Риддер орман шаруашылығы аумағында шыққан тілсіз жау 11 мамырда сағат 18.20-да ауыздықталды. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 493 адам, 69 техника, 2 тікұшақ жұмылдырылған, – деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Жаңа үйлер жазда беріледі

Аймақ басшысы Даниал Ахметов өрттен зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Өз сөзінде ол тамыз айының соңына дейін баспанасыз қалғандардың әрқайсысына жаңа үйдің кілті берілетінін жеткізді. Бес құрылыс компаниясы Ботаника ықшамауданында жеті үйден тұрғызады. Бүгінде оқиға орнында комиссия мүшелері жұмыс істеуде. Олар нақты келтірілген материалдық залал мөлшерін есептеп, азаматтарға құжаттарын қалпына келтіруге септігін тигізеді.

– Бұзылған үйлерді қалпына келтірмейміз. Үйінен айырылған әр адамға 80 шаршы метрлік баспана беріледі. Әуелде құрылысы аяқталмаған 9 қабатты тұрғын үйді сатып алу жоспарланған болатын. Алайда 1996 жылғы үйдің іші әрленбеген әрі қажетті коммуникация тартылмаған. Оның иесі шаршы метрі үшін 179 мың теңге сұрап отыр. Ал жеке сектордағы жаңа үйдің шаршы метрінің құны – 160 мың теңге. Бұл бюджет қаржысына да үнем болады. Үйлер тұрғындарға еш ақысыз беріледі. Сәулетшілер 35 үй аумағын бөлген соң бірден құрылыс жұмыстары басталмақ, – деді Даниал Ахметов.

Абайсыздықтан болған ауыр салдар

ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Елдос Закимов дала өртіне байланысты сот сараптамалары тағайындалғанын жеткізді.

– Полиция қызметкерлері алапат өртке байланысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 204-бабы 2-бөлігіне сәйкес (отпен абайсыз жұмыс iстеу арқылы жасалған не ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе аса ірі залал келтіру) сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Аталған бап бойынша 2 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Күдікті ретінде бұрын сотты болмаған 35 жастағы Риддер қаласының тұрғыны ұсталды. Оның абайсыздығы осындай ауыр салдарға әкеп соқты, – деді ол.

Арнайы құрылған жедел-тергеу тобының қызметкерлері бейнежазбаларды зерделеп, куәлардың жауаптарын мұқият тексеруде. Қылмыстық істің тергелуі ҚР Ішкі істер министрінің бақылауына алынған.

Қайырымдылық акциясы қолға алынды

Өрттің салдарынан баспанасыз қалған отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған «Риддер, біз біргеміз!» акциясы басталды. ШҚО-дағы барлық қала-аудан әкімдіктерінің, басқармалар мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері бір күндік жалақыларын «Бірлік» қорына аударуда.

– Облыс бойынша өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау науқаны ұйымдастырылды. «Nur Otan« партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы Birgemiz акциясын жариялады, акция шеңберінде бірінші қажеттіліктегі заттар, құрылыс материалдары жинақталуда. Сонымен қатар өңірлік Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерін әлеуметтік жауапкершілік көрсетіп, риддерліктерге қолдан келгенше көмек көрсетуге шақырды, – деп хабарлады ШҚО Ақпарат орталығы.

Облыс дінбасылары «Қайырымды болсаң, қайырымын өзің көресің» акциясын қолға алған. Азық-түлік, ақшалай қаражат, киім-кешек сынды заттар Халифа Алтай мешітінде, сондай-ақ облыстың қалалары мен аудандарының мешіттерінде қабылданады. ШҚО ҚХА және Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың «Жақсылықты бірге жасаймыз» еріктілер қозғалысы қалаға гуманитарлық көмек жіберді.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде облыс әкімдігінің атына өңірдің бұл жағдайға бей-жай қарамайтын азаматтарынан да хаттар келіп түсуде. Мәселен, өскемендік кәсіпкер Исатай Ансат әкімшілік ғимарат пен учаскесінің қажетті бөлігін тұрғын үй ретінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, одан кейін зардап шеккен отбасыларының меншігіне беру үшін тегін беретіні туралы ниетін білдірген хат жариялады. Хабарламада айтылғандай, бұл шамамен 3800 шаршы метр әкімшілік ғимараттан тұратын бұрынғы әскери бөлімнің ғимараты. Ал «Қазмырыш» компаниясы үйлері өртеніп кеткен барлық отбасыларға 1 миллион теңгеден бөлінетінін жеткізген.

Айта кетейік, зардап шеккендерге материалдық қаражат жинау үшін «Бірлік» қоры ашылған. Қолұшын созамын деушілер болса келесі шотқа ақша жолдай алады: KZ094809KZT22031440, ЖСН (БСН) 141140013670.


Соңғы жаңалықтар