Әз-Наурыз әлем елдерінде: Қарақалпақ халқы мейрамды қалай атап өтеді

None
None
НҮКІС. ҚазАқпарат – Түркі халықтарының басым бөлігінде Жаңа жылды қарсы алу көктемгі күн мен түннің теңелуі кезеңіндегі Наурыз мейрамымен байланысты екені белгілі. Бұл ежелден келе жатқан әрі ұлыстардың ең ұлық мерекесі. Қарақалпақ халқы да Жаңа жылды, яғни көктемді ел тыныш болсын деген ниетте көтеріңкі көңіл күймен, молшылық болсын деген ниетпен түрлі ұлттық тағамдармен қарсы алады, амандыққа жолыққандарына қуанысып, ендігі істердің табысты болуын тілеседі.

Наурызды меркелеуге қатысты қарақалпақ халқының жергілікті әдет-ғұрыптарының ерекшелігі мейрамды өткізу мерзімінде, қатысушылардың жасында, іс-қимылдардың рәсімдері мен салтында, қолданылатын символарда көрініс табады. Олардың барлығы қоғамдық интеграцияның функциясын білдіреді және осыған бұрыннан екпін қойылған.

Ұлттық салт-дәстүрді қайта жаңғырта отырып, Наурызды атап өту кезінде ежелгі әдет-ғұрыптың барлық элементтерінің сақталуына айрықша мән беріледі. Театрландырылған мерекелік шараларда адамдардың өмірінде жаңа кезеңнің басталуын көрсететін жөн-жоралғылар көпшілік назарына ұсынылады.

Осы ұлы күн басталғанда балалар елді мекендерде Наурыз келгенін хабарлап, қуаныштан ауыл аралап, жүгіріп жүреді. Ал ақ шапанын жамылған қарт – Дихан баба көктем мен тіршіліктің белгісі ретінде бидай дәнін себеді. Киіз үйлер тігіліп, онда егде жастағы адамдарға бөлек, жастар бөлек отырады.

Осы орайда меркекелік шаралар барысында ұлттық тағамдарды әзірлеу жоралғыларын көруге болады. Дастарқаннан дәм татқаннан кейін, жас қыздар үлкен жеңгесімен бірге сейіл құруға шығады. Ал оларды жігіт ағасына еріп шыққан жігіттер жағы қарсы алады. Дәстүр бойынша олардың арасында суырылып шешендері сөз таластырса, ақындары айтысқа түседі. Айтыс кезінде жігіт астарлы сөзбен әрі қалжыңмен ұнаған қызға сезімін білдіреді. Бұл тұрғыда «қыз жеңгесі» мен «жігіт ағасы» да жастарға қолдау жасайды.

Сейіл құру кезінде алтыбақан маңына отау құрмаған жастар жиналады. Ендігі көне дәстүрдің бірі - оттан секіру. Бұл жөн-жоралғының тамыры тереңде жатыр. Жұртшылық бар пәле-жала, қиыншылық осы отпен кетсін дегенді айтысып, өздерін аластайды. Оттан секіру бір жағынан өмірдегі жаңа қадамдардың бастамасы деген мағына білдереді.

Наурызды атап өту күнінде тұрғындар өздерінің барлық рухани және материалдық үлесін қосуға талпынады. Мейрам кезіндегі көріністерге үңіліп қарасақ, сахнаға шыққандар халықтың қаншалықты қолы ашық әрі жомарт болғанын көрсетуге тырысады.

Мол дастарқан, оюмен өрнектелген ұлттық киім, қолөнер туындыларының әралуандығы, тағылымы мол сал-дәстүрдің барлығы қарақалпақ халқының осынау күнге ерекше мән беретіндігін аңғартады.

Осы күні кәрісі де, жасы да мүмкіндігінше мерекелік шараға өз үлесін қосады. Егер де үлкендер жағы жырауларды тыңдауға бет бұрса, жастар түрлі сайыстарға түсіп, көңілдерін көтереді. Бұл ретте ұлақ (көкпар тарту), күрес, бәйге және басқа да ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, балаларға арналған қызықты шаралар да баршылық. Олардың арасында асық, бектас ойындары өткізіледі.

Қарақалпақтар мен өзге туыстас ұлттардың наурыз көже немесе өзге де тағамдарды дайындауына келер болсақ, бұл тұрғыда елеулі айырмашылықты таба қою қиындау. Алайда жекелеген әдет-ғұрып пен ойын-сауық шараларына келгенде ұқсастық бола бермейді.

Мысалы, қарақалпақтар жастарының ежелгі сауық кештері, яғни сейіл күндеріндегі «гештек» отырысының мәні зор. Гештекке «жігіт ағасының» басшылығымен бір ауылдың жігіттері басқа ауылдың қыздарын «қыз жеңгесімен» бірге шақырады. Шақырту алған арулар сәнді киімдерін киіп, «тұлымшақ» (бұрымға тағатын әшекей) пен «сегіз түйме» (алқа) тағып, көрші ауылға сапарлаған.

Өз кезегінде жігіттер жағы да аруларды қарсы алуға егжей-тегжейлі дайындалған. Киіз үйлерді безендіріп, қой немесе ірі қара мал сойып, дастарқанға тәттілерді көптеп қойған. Қыздар келген кезде, ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен әндетіп қарсы алған.

Киіз үйлерде қыз, жігіттер өздері ұнатқан адамына қарама-қарсы отырғызылған. Жігіттер өз қолымен шәй құйып, ұнатқан ауруына алақанымен кесені ұсынады. Егер де қызға жігіт ұнамаса, ол ұсынылған кесені алмайды. Дегенмен де қыз шәй құйылған пиаланы алып, ондағы шәйді жанында отырған құрбыларына құйып берсе, бұл жағдайда да қыздың жүрегінде әлгі жігітке орын жоқ дегенді білдіреді.

Осындай кезде жігіт жағынан ақы төлеу қадамы жасалуы мүмкін. Шәй құйылған толық шәйнекпен бірге ақша немесе тәтті тағамдар ұсынылады. Бұл ретте жігіт жағы әзіл айтып, өлең арнап, түрлі амалдарға барады. Сонымен қатар, қыз жеңгесі арқылы аруға сыйлық жасалады.

Мұнымен қоса, нәзік жандар өз тарапынан ұнатқан жігітін таңдап, оған шәй құйылған кесені ұсынады. Егер жігіт шәйді ішіп, кесеге науат салып қайтарып жіберсе, онда таяу арада некелері қиылып, той болатындығын білдіреді.

Айтпақшы, осындай сауық кештерінде жастардың зеректілігі мен шешендігі сыналады. Жұмбақ жасыру, жаңылтпаш айту, жауабы қиын сұрақтар қою секілді шаралар ұйымдастырылады. Кейіннен жігіттер ұлттық аспаптарда (дутар) ойнап, «Дембермес», «Мухаллес», «Қара жорға» секілді халық шығармаларын орындайды. Қыздар жағы шыңқобызда «Аксақ жорға», «Жар шақырар», «Аққудың жолы» әуенін шырқайды.

Мндай керемет салт-дәстүрлер қарақалпақ халқы мәдениетінің ерекшелігін байқатады. Осы әдет-ғұрыптың бүгінгі күнге дейін сақталуы - қарақалпақтардың ата-баба мұрасын айрықша қастерлейтінін аңғартып отыр. Дәстүрлі жөн-жоралғымен, рәсіммен, ырыммен әрі ойындармен кеңінен мазмұндалған Наурыз мейрамы - қарақалпақ халқының бай өмірлік мұрасының көрнекті үлгісі деп айтуға болады. Бұл көне әрі ерекше мейрам Отанды сүюге баулып, жалпы адамгершілік құндылықтарын насихаттайды, сондай-ақ басқа халықтардың мәдениеті мен дәстүріне сый-құрметпен қарауға үйретеді.

Жолдаған автор: Сәкен Нәбиев


Соңғы жаңалықтар