Азаматхан Әміртаев: Президенттің экология мәселесіне назар аударғаны - экологтер үшін үлкен қолдау

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемелеріне қатысты «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының директоры Азаматхан Әміртаев пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экология мәселесіне де үлкен назар аударды. Соңғы кездері пандемия, экономикалық дағдарыс деп жүріп экология туралы ұмытылып кеткен еді. Қоқыстың қайта өңделмей жатқаны бүгінгі күні Қазақстандағы өте өзекті мәселенің бірі. Тұрмыстық қалдық полигондарының қожайындары бар. Олар үлкен олигархтар, бірақ олардың полигонындағы қоқыс көлемі азаюдың орнына көбейіп жатыр. Олар бөлінген қаржыны қайта өңдеуге жұмсамай, қалталарына салып отыр. Осы мәселе әлі күнге дейін шешілген жоқ», - дейді «Байтақ болашақ» экологиялық альянстың директоры Азаматхан Әміртаев.

Оның айтуынша, Президенттің экология мәселесін шешу туралы айтып, назар аударғаны - экологтер үшін үлкен қолдау.

«Президенттің осы мәселені көтергеніне өте қуандық. Енді бұл іс жүзінде іске асуы керек. Экологиямызды түзеуіміз керек. Табиғаттың қадірін білмеуден, экологиялық мәдениеттің жоқтығынан осындай жағдай болып жатыр. Бұл мәселеге осылай философиялық тұрғыда қарай білу керекпіз. Президенттің экологияға қатысты мәлімдемесі экологтерді қатты қуантты», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар