Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада «Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асырудағы Үкіметтік емес ұйымдардың рөлін арттыру» атты сарапшылар қауымдастығының диалогтық отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының Жолдауы заманға сай, азаматтық қоғамның сұраныстарына жауап беретін стратегиялық бағыттарды айқындайтын маңызды құжат. Себебі ол ел азаматтарының әл-ауқатын арттырумен байланысты өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Елбасының кемел саясатының арқасында Қазақстанда әлеуметтік мемлекеттің берік негізі қаланды. Ал Мемлекет басшысы Елбасы саясатын жалғастыра отырып қазақстандықтарды тиісті әлеуметтік қажеттіліктермен қамтамасыз ететін жаңа бастамаларды жариялады. Жолдауда қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға жан-жақты терең талдау жасаған және оны орындау бойынша нақты міндеттер қойылып отыр. Мемлекет басшысы ең өзекті деген мәселелер бойынша тек белгілі бір аудиториялармен ғана емес, бүкіл Қазақстан халқымен диалог құру керектігін айтты», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин.

Оның айтуынша, президент өз Жолдауы еліміздің саяси құжаты ғана емес, алдымен халықтың әлеуетін көтеруге бағытталған маңызды құжат.

«Жолдауда айтылған тағы бір маңызды дүние ол халықты еститін, оның пікіріне құлақ түретін биліктің болуы. Осы орайда арнайы «Ұлттық кеңес» құрылып, өз жұмысын бастады. Атап айтқанда, үш бағытта жұмыс жүріп жатыр. Ол саяси, әлеуметтік және экономикалық жаңғыру. Бұл дегеніміз, белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттырудың қажеттілікке айналғандығы. Бұл ретте өздеріңізбен бірлесіп азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдасын қабылдауымыз керек», - деді ол.

Айтулы шараға, қоғамдық кеңестің мүшелері, азаматтық қоғам институтының өкілдері, сарапшылар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуда.

Соңғы жаңалықтар