Азат Перуашев: Дәл қазір әр күн, әр сағат жерлестеріміздің өмірімен өлшенеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты жариялаған үндеуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президенттің кешегі үндеуін назар қойып, тыңдап шықтым. Айтылған сөздердің үндестігімен, жалпы қоғамға жеткізілер оймен келісемін. Үндеуді үш сөзбен сипаттар едім: адал, нақты және позитивпен айтылды», - деді Азат Перуашев.

Депутаттың айтуынша осы уақытқа дейін мемлекеттік қызметкерлердің аузымен халықтың мәселесі айтылмай келген. Қасым-Жомарт Тоқаев үндеуі арқылы осы олқылықтың орнын толтырып отыр.

«Наурыз айынан бастап «Ақ жол» демократиялық партиясы және біздің депутаттар осыған ұқсас мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға алты өтініш жіберген болатын. Біз ауруханалардың толып кетуі, ауыр халдегі азаматтарды ауруханаға жатқызудан бас тарту фактілері, жедел жәрдем қызметтерінің жұмысындағы іркілістер, дәрігерлер мен медициналық кадрлардың жетіспеуі туралы проблема көтерген едік. Шенеуніктердің сылтауратып, нақты жағдайын жасырғысы келетіндігі жайлы ашып айттық. Дәрілік заттардың жетіспеуі және алыпсатарлық бағалар мәселесі де ұмыт қалған емес. Дәрігерлердің ерлігі және қорғаныс құралдарының жоқтығы, денсаулық сақтау саласын басқарудың сәтсіздігі және дүрбелең туралы да сауал хат жолданған», - дейді ол.

Азат Перуашевтың айтуынша бұл өтініштердің бәріне жауапты органдар уақытты өткізіп, баяулатып берген. Қимылдауды жөн көрмеген. Ал осы уақытта қоғам өз азаматтарынан айырыла берген.

«Жақындарынан айырылғандар билік органдарының әрекетсіздігін сынаса – ешкім ештеңе дей алмас. Мұндай жағдайда ұзақ уақытқа созылған тыныштықта үн шығарып, қажетті шешімдерді қабылдап, жауапкершілікті алу үшін үлкен азаматтық батылдық қажет. Көріп отырғанымыздай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұндай батылдығы бар. Ол болып жатқан жағдайға, шенеуніктердің қателіктеріне қатаң әрі нақты баға берді. Ең бастысы, ол болған оқиғаның ресми трагедиясын мойындап, 13 шілдені пандемия құрбаны болған қазақстандықтар үшін ұлттық аза күту күні деп жариялады. Мемлекет басшысының үндеуі шынайы болды. Өйткені онда мемлекеттік органдардың жағдайды түзету үшін не істеп жатқандығы, қандай міндеттер қойылғандығы және оларды жүзеге асыру үшін қандай талаптар қойылатындығы нақты көрсетілген. Қасым-Жомарт Тоқаев жүздеген мобильді медициналық бригаданы құру, ауруханалардағы орындар санын көбейту, жаңа медициналық кадрларды тарту және тестілеу мүмкіндіктерін кеңейту туралы нақты ақпарат берді. Президент дәрі-дәрмекке қатысты проблемаларды шешу жөніндегі жұмысты егжей-тегжейлі баяндап, таяу күндері дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі шешілетініне сендірді», - дейді Азат Перуашев.

Депутат сонымен қатар Президент айтқандай бұл мақсатта 150 млрд теңге бағытталғанын, сонымен бірге дәрі-дәрмектен артық пайда тапқысы келетіндердің әрекетінің жолы кесілетінін жеткізді.

«Осылайша берілген тапсырмалардың нақтылығы тек мәтіннің қатаңдығына ғана емес, сонымен бірге қуатты қаржыландыруға да негізделген. Қорытындылай келе, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзі ресми сигналдардан басқа, барлығы түсінетін қарапайым адами сезімдерге жүгіну арқылы да оң позитивті сипат алады. Жақын адамдарымыздың қайғы-қасіреті мен сынақтарымен бөліскенде, біз дәл осы сөздерді айтамыз: Табанды болыңыз. Біз сізді тастамаймыз, біз сізбен біргеміз. Мемлекет басшысының үндеуімен бөлісе отырып, «Ақ жол» демократиялық партиясы мемлекеттік органдардан Президенттің тапсырмаларын дереу орындауды талап етеді. Қазіргі уақытта әр күн, әр сағат жерлестеріміздің өмірімен өлшенеді», - деді ол.

Еске сала кетсек кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты үндеу жариялаған болатын .

Президент отандастарымызды халқымыздың басына түскен сынақ алдында қайсарлыққа, сабыр мен жауапкершілікке шақырды.



Соңғы жаңалықтар