Әзербайжан халқы Наурыз мейрамын қалай тойлайды

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат – Әзербайжанда Наурызда бірқатар салт-жоралғылар орындалып, мереке ерекше атап өтіледі, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Әзербайжанда бұл мерекені «Новруз байрамы» деп атайды. Ол Жаңа жыл және Рамазан Байраммен бірге елдегі ең маңызды мерекелердің қатарына кіреді.

Бүгінгі күні Наурыз Тәжікстанда, Өзбекстанда, Түркіменстанда, Әзербайжанда, Грузияда, Албанияда, Қырғызстанда, Македонияда, Түркия мен Қазақстанда атап өтіледі. Аталған елдерде мереке қалай өтсе, басталған жыл да солай өтеді деген түсінік қалыптасқан.

Бұрын Наурыз кезінде адамдар алты күн жұмыс істемеген, тіпті шаруалардың өздері жұмыстарын ысырып отырған. Мереке күндері адамдар жақындарымен жүздесіп, көңілді уақыт өткізген. Атап айтқанда, Оңтүстік Әзербайжанда бұл дәстүр осы күнге дейін сақталған.

Наурыздың бірінші күні адамдар ұйқыларынан ерте тұрады. Су қоймаларына барып, беті-қолын жуады. Сонымен қатар бір-біріне су шашады. Осылайша, тазарту жүреді. Одан кейін дәстүр бойынша адамдар бір-біріне тәтті жегізеді. Бұл күні бал немесе қант жеу керек. Одан соң терең дем алып, «жаман рухтардан» арылу керек.

Әзербайжандықтар Наурызға арналған дастарханды дайындауға көп көңіл бөледі. Дәстүр бойынша, әр отбасы дастарханға «с» әрпінен басталатын жеті тағамнан дайындалатын ас қояды. Үстел үстінде сумах, сюд – сүт, сирке – сірке суы, семени – бидайдан жасалатын ботқа, сэбзи – көкөніс және т.б. тұруы керек.

Дәстүрлі тамақтардан бөлек, үстел үстіне айна, майшам және боялған жұмыртқа қойылады. Аталған заттардың терең мағынасы бар. Майшам адамды жаман рухтардан қорғайтын жарық пен жалынды, айна Жаңа жылдың келуін немесе тазалықты білдіреді.

Наурыздың негізгі символы – семени (өнген бидай). Ол табиғаттың оянғанын білдіреді. Семени Наурыз мерекесіне дейін бірнеше апта бұрын дайындала бастайды. Ол дастарханға қойылар алдында қызыл лентамен оралады. Мереке аяқталғаннан соң семени тасталмайды, бидайдан тәттілер әзірленеді.

Негізі Наурыз мерекесіне дайындық бір ай бұрын басталады. Наурыздың алдындағы төрт сейсенбі төрт дүлей күшке арналған. Бұл дәстүр «чершенбе ахшамы» деп аталады, ел аузында қысқаша «чершенбе» делінеді. Осылайша, әр сейсенбі сайын Су, Од, Йел және Торпаг (немесе Ахыр) чершенбе (Су, От, Жел және Жер күні) атап өтіледі. Бұл элементтердің оянуы бесінші элемент – Наурыздың келуіне, Жердің қайта тірілуіне әкеледі.

Наурызға дейін неліктен тек сәрсенбі күндердің атап өтілетінің білгіңіз келе ме? Аңыз бойынша, Жаратқан әлемді бір аптада жасаған, ал біздің Жерді екінші күні бастаған. Сондықтан түркі мифологиясында сейсенбі қасиетті күн саналған.

Ерекше сейсенбілердің бірі – «Од чершенбеси». Бұл күні от жаңарады. «Од чершенбеси» жаңа жылға аз уақыт қалғанын, сонымен қатар оттың жерді құрғатып, құнарлы ететінін білдіреді. Бұл күні адамдар от жағып, одан секірген. Аңызға сәйкес, от өткен жылы болған барлық жамандықтардан тазартады. Оттан үш немесе жеті рет секіріп, «Агырлыгы огурлугу бу тонгалда янсын» («Менің қайғы-қасіретім осы отпен бірге жансын!») деген тіркесті айту керек. Оны ешқашан сумен өшірмейді, өзі өшуі керек. Оттан қалған күлді жинап, үйден алыс жерге тастау керек. От Күннің жалғасы саналады, адамдар қыстан кейін жылуды қажет етеді. Көне замандардан бастап от жылудың символы саналады. Әзербайжандықтардың ата-бабалары, ежелгі оғыздар үшін от ынтымақтастық пен ауызбіршіліктің символы болған.

Әзербайжандықтардың ежелгі сенімдеріне сай, жылына бір рет ата-бабалар рухы өздерінің балалары, немерелері мен шөберелеріне келіп отырған.

Бұл жылдың соңғы сейсенбілерінде болған. Рухтар үйлерінде от жағылмай тұрғанын көрсе, ренжіп, енді қайта оралмайтындай болған.

Осы аңызға сәйкес, өтіп бара жатқан жылдың соңғы сейсенбілерінде барлық отбасы мүшелері жиналып, оттан секіріп, Жаратқаннан денсаулық сұраған.

Фото: azertag.az


Соңғы жаңалықтар