Ажырасу фактілерінің өсуі күрделі мәселеге айналды - депутат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутаты Дархан Мыңбай отбасы мәселелеріне қатысты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында да отбасын қолдау және нығайту – еліміздің табысты дамуының кепілі деп көрсетілген. Оны орындауға, яғни халықтың лайықты өмір сүруіне заңнамалық, әлеуметтік және жан-жақты қолдауға заң тұрғысынан барынша мүмкіндіктер жасалып келеді. Өйткені, тұрақты отбасын құру, көпбалалы болу – ұлтымыздың санын еселеп арттырудың негізі. Алайда, қоғамдағы отбасы институтының әлсіреуі, оның ішінде некелесу санының азаюы мен ажырасу фактілерінің өсуі күрделі мәселеге айналды. Соңғы жылдары бұл проблема жастар арасында да көбейіп бара жатқандығы жасырын емес. Ықылым заманнан ұрпақ өрбітіп, көбеюді өсиет еткен салт-дәстүрімізді ұстануға не кедергі? Бәрін әлеуметтік жағдайға сілтей салу қисынды ма? Біздіңше, өте маңызды проблеманың терең түбірі – жастардың тәрбиесінде, олардың ортасына байланысты сияқты», - деді Д. Мыңбай.

Осы орайда ол ажырасу кезінде балалар ең көп зардап шегетінін атап өтті.

«Дүние-мүлік бөлісу, балалардың тұрғылықты жерін анықтау дауы, алимент, туыстық қатынастардың үзілуі сияқты мәселелердің ауыртпалығы да, моральды-әлеуметтік қиыншылықтары да жетерлік.

Толық емес отбасыда толыққанды бозбала мен бойжеткенді тәрбиелеу де оңай болмас. Отбасы жайлы ұлттық баяндама мен ресми статистикалық мәліметтер бойынша 2015-2019 жылдар аралығында ажырасқан отбасылардың саны 274,5 мыңды құрап, яғни жалпы тіркелген некелермен салыстырғанда, ажырасу саны 43 пайызға дейін көтерілгені байқалды», - деді депутат.

Оның айтуынша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша 59 796 (119 592 адам) неке бұзылған.

«Сол жылы 120 мыңға жуық адам некесін бұзса, оның әрбір екіншісі, яғни 60 мыңнан астамы 18-35 жас аралығындағы жастар. Ажырасулардың басым бөлігі 30-34 жас аралығындағы жас отбасыларға тиісті. Ғаламдық індетке байланысты үйлену мен ажырасу төмендегенін ескергеннің өзінде, бұл жағдайға бей-жай қарауға болмайды», - деді Д. Мыңбай.

Жоғарыда баяндалған ақпараттардың негізінде ажырасу жағдайларын азайту үшін, сондай-ақ бұл үрдісті тежеу мақсатында мынадай ұсыныстар енгізілді:

1. Орта және жоғары оқу орындарында отбасы мәдениеті құндылықтарын сақтауға, қастерлеуге бағыталған озық тәжірибені оқыту және насихаттау бойынша арнайы факультативтерді енгізуді қарастыру;

2. Сот алдындағы отбасылық медиация сарапшыларының жұмысын ынталандыруға, ерлі-зайыптылардың татуластыру мерзімін барынша ұзартуға, яғни олардың райынан қайтуына мүмкіндік жасаған жөн.

3. Қазақстан Президенті Жолдауында зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіне» аударуға рұқсат беру қажет деп атап көрсетті. Көпбалалы отбасылар үшін де банк тарапынан ынталандыру және қолдау механизмін жетілдіру;

4. Меншік түріне қарамастан барлық мекемелерде, ұйымдар мен ұжымдарда «Мерейлі отбасы» байқауы өткізілуі тиіс. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында отбасы құндылықтарын заманауи форматта дәріптейтін ақпаратты, видео-контентті көбейту.


Соңғы жаңалықтар