Азық-түлік бағасын негізсіз көтергендердің қалай жазаланатыны белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Азық-түлік бағасын негізсіз көтерген кәсіп иелеріне қандай жаза тағайындалады? Бұл сұраққа ҚР ҰЭМ Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті төрағасының орынбасары Асқар Жаппарқұлов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар нарығын зерттеу барысында біз бағаның бекітілу желісіне, нарыққа тауардың жеткізілу жағдайына талдау жасаймыз. Егер адал бәсекелестіктің бұзылғанын анықтасақ, біз кәсіп иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Яғни кәсіп иесі сөз байласу амалымен тапқан пайдасының 1-5 пайыз аралығындағы үлесін төлейді», - деді Асқар Жаппарқұлов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет төрағасының орынбасары сөзін нақты мысалдармен шегелей түсті.

«Алматыда күнбағыс майын сататын «Прима Дистрибьюшон» ЖШС-ға қатысты іс болды. Келісімшарттарын қарай отырып, бұл компания күнбағыс майын сату үшін әртүрлі бағаны қолданатынын анықтадық. Бұл – бәсекелік факторы саналмайды. Осыған байланысты оған қатысты іс жүргізіліп, компания басшылығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Сауда және интеграция вице-министрі Азамат Асқарұлы жыл басынан 21 шілдеге дейін азық-түлік тауарларының бағасы 5,7 пайызға өскенін мәлім еткен еді. Әйтсе де бұл соңғы бес жылдағы рекордтық өсім деп айтуға келмейді. Азамат Асқарұлы 2016 жылы бұл көрсеткіш бірден 9,1 пайыздық, ал 2019 жылы 7,7 пайыздық өсімді көрсеткенін айтады.


Соңғы жаңалықтар