Азық-түлік, экология, ақпарат, су қауіпсіздігі – Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы басымдықтарының бірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында азық-түлік, экология, ақпарат, су және өзге де бағыттағы қауіпсіздік мәселелері қамтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақорда ақпаратына сәйкес, құжатта экономикалық қауіпсіздіктің міндеттері айтарлықтай түзетілді.

«Қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрақты өсудің жаңа моделіне көшуге, экономиканың технологиялық күрделілігін арттыруға, өнімділігі жоғары жұмыс орындарын ашуға және халықтың табысын арттыру үшін жағдай жасауға байланысты.

Атап айтқанда, басты бағыттар азық-түлік қауіпсіздігі, қаржы жүйесінің тұрақтылығы, көлік-транзит саласындағы қатерлерді азайту болып табылады.

Бұдан бөлек басымдықтардың қатарында экологиялық қауіпсіздік, соның ішінде, экожүйелерді қорғау ғана емес, табиғи ресурстарды басқару да бар. Мұнда елдің су қауіпсіздігі ерекше орын алады.

Табиғи және техногендік апаттардың алдын алу және олардың зардаптарын барынша азайту жөніндегі жұмысты жүйелі түрде күшейту талап етіледі», - делінген Ақорда сайтында.

Ақпараттық қауіпсіздік саласында кибер қауіптерге қарсы іс-қимыл, қазақстандықтардың жеке деректерін қорғау, ақпараттық инфрақұрылым, стратегиялық нысандар және ұлттық ақпараттық кеңістіктің қорғалу деңгейін арттыру маңызды рөл атқарады.

Қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету, ұлттық мүдделерді халықаралық аренада ілгерілету мәселелері ұлттық қауіпсіздіктің дәстүрлі бағыттарының қатарына жатады. Сонымен бірге олардың мазмұны жаңа аймақтық және жаһандық сын-қатерлерге, соның ішінде, гибридті және асимметриялы сын-қатерлерге байланысты елеулі өзгерістерге ұшырады.

«Әрбір басым бағыт бойынша алдын алу тетіктері және қатерлердің алдын алу жөніндегі нақты шаралар әзірленді. Олар ұлттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқару жөніндегі іс-қимыл жоспары арқылы іске асырылады, сондай-ақ, ұлттық жобаларға және мемлекеттік жоспарлау жүйесінің басқа да құжаттарына енеді», - делінген хабарламада.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, құжатта таяудағы 5 жылда болуы мүмкін деп болжанған негізгі сын-қатерлерге қарсы іс-қимылдар қамтылған.

Ал биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қоғамдық денсаулық сақтау ісін дамытумен қатар ұлттық қауіпсіздіктің базалық факторы ретінде енгізілді.




Соңғы жаңалықтар