Азық-түлік қымбаттауына не себеп – сарапшылар пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда наурыз айында инфляция 12%-ға дейін өсіп, рекордтық деңгейге жетті. Соның салдарынан азық-түлік бағасы 15,4%-ға дейін артты.

Осыған байланысты ел үкіметі дағдарысқа қарсы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортамерзімдік жоспарын бекітті. Бұл шаралар нарықты нақты өніммен қамтып, азық-түліктің физикалық және экономикалық қолжетімділігін және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Елімізде азық-түлік қымбаттауына не себеп болып отыр? Тамақ өнімдерінің бағасын ретке келтіру үшін қандай шараларды қолға алу қажет? Осы секілді сауалдарға жауап алу үшін экономист сарапшылардың пікірін білген едік. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Қай өнімдердің бағасы өсті?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылғы наурызда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда азық-түлік тауарлары 15,4% қымбаттаған. Атап айтсақ, қант – 33,2%–ға, көкөністер – 23,4%–ға, картоп – 14,6%–ға, жемістер - 9,3%-ға, сары май - 6,7%-ға, жарма - 6,3%-ға, жұмыртқа – 5,2%–ға, күріш – 4,3%–ға, ет және құс еті - 3%-ға, шұжық, кондитерлік өнімдер - 2,7%-дан, күнбағыс майы - 2,5%-ға қымбаттаған.

Сонымен қоса тұрмыстық техникаға – 13,5%, жуу және тазалау құралдарына – 5%, құрылыс материалдарына, жеке пайдалану тауарларына – 3,8%–дан, автомобиль – 3,2%, фармацевтика өнімдеріне - 1,7%, киім және аяқ киімге - 1,6% баға өсімі болды. Тұрғын үй – жайларға қызмет көрсету және жөндеу бойынша қызметтер 4,4%–ға, қоғамдық тамақтандыру – 3,9%-ға, денсаулық сақтау - 3,5%-ға, шаштараз бен жеке қызмет көрсету орындары -1,6%-ға өсті. Таксиде жол жүру 2%–ға, қалааралық автобус - 1,3%-ға қымбаттады.

Сонымен қатар елдегі инфляция бір айда 8,7 %-дан 12 %-ға дейін өсті. Инфляцияға ең көп үлес қосқан азық-түлік тауарлары болды, олардың бағасының өсуі 10%-дан 15,4 %-ға дейін жеделдеді. Нақтырақ айтсақ, бір айда инфляция 5,8 %-ға өсті.

Бағаның өсуіне не себеп?

Қазақстандықтар азық-түлік бағасының шарықтап кеткеніне шағымданып жатыр. Мамандардың пікірінше, жыл басында тауар бағасы қаңтар оқиғасынан кейін азық-түлік жеткізудегі қиындықтарға байланысты өскен болса, ақпанның аяғы мен наурыздың басында бағаның өсуіне Украинадағы геосаяси дағдарыс себеп болған.

Көрші елдерде, соның ішінде Ресейде азық-түлік инфляциясы жылдық мәнде наурыз айында 18%-ға, ал Өзбекстанда 14,5%-ға жеткен. Сондай-ақ азық-түлік бағасының өсуі Еуропа елдерінде де байқалып отыр. Францияда инфляция рекордтық көрсеткішке - жылдық мәнде 5,1% жеткен.

Осы орайда сарапшылар азық-түлік қымбаттауының себебі мен бағаны реттеу мүмкіндіктері, Ресейге салынған санкциялардың еліміздегі азық-түлік тауарларының бағасына әсері жөнінде айтып берді. Экономика ғылымдарының кандидаты, қаржы саласының маманы Бауыржан Ысқақов бағаның өсуіне әртүрлі фактор әсер еткенін атап өтті. Соның бірі - тауар мен қызмет көрсетудің импортпен тікелей байланысты болуында.

«Бағаның өсуіне ең бірінші әсер ететіні - елдегі тауарлардың үлес салмағы. Егер біз өзімізге қажетті тауарлар мен қызметтерді отандық кәсіпорыннан алатын болсақ, бағаны реттеуге мүмкіндік болар еді. Мемлекет түрлі субсидия немесе жеңілдетілген несие беру арқылы әсер етіп, бағаны ұстай алады. Алайда біз өзіміздің ішкі сұранысымызды толыққанды қамтамасыз ете алмағандықтан, қажеттілікті сыртқы мемлекеттердің тауарымен қамту қалыпты жағдайға айналып кеткен. Бұл орайда мемлекет ешқандай қауқар көрсете алмайды», - деді сарапшы.

Ал танымал қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов елде өндірілетін азық-түлік пен тауарлардың бағасы неге аспандап кетті деген сауалға логистика қызметі мен сақтау қоймаларының сапасыздығы себеп болғанын айтты. Сондай-ақ ол бағаны тежеу тығырықтан шығар жол емес екенін де атап өтті.

«Наурыз айында Украинадағы қақтығыстың әсерінен тауарларды жеткізу бағасы өседі деп болжанды. Күткеніміздей, баға айтарлықтай өсті. Теңгеміз құлдырады. Импорттық тауарлар долларға сатып алынғандықтан, қымбатқа сатылды. Осыған байланысты бағаның өсуі инфляцияның өсуіне әсер етті. Сондай-ақ біз тауардың 90-100%-ын шетелден сатып аламыз. Тіпті өзімізде өндірілетін кей өнімдердің айтарлықтай үлесін өзге елдерден аламыз. Себебі бізде біріншіден, логистика қызметі сапасы нашар және азық түлікті сақтау қоймалары жарамсыз. Екіншіден, бизнес тауарды қымбат бағаға экспорттау немесе арзан бағада нарықта қалу деген таңдау алдында тұр. Сондықтан, әрине, Қазақстан көбіне экспортқа шығарады. Көп жағдайда компанияларға тауарын ішкі нарыққа шығарғаннан, сыртқа сатқан тиімдірек. Бұл жерде бизнес иесі өзіне тиімді жолды таңдайды. Өйткені бизнес бір ғана адам емес, үлкен ұжым жұмысы екенін ескеру керек», - деді ол.

Еске салайық, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне бірінші сортты бидай ұны, одан жасалған нан, рожки, қарақұмық жармасы, тазартылған күріш, картоп, асхана сәбізі, пияз, қырыққабат, қант – құмшекер, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, майлылығы 2,5% пастерленген сүт, майлылығы 2,5% айран, сары май, тауық жұмыртқасы, аc тұзы, майлылығы 5-9% сүзбе кіреді.

«Отандық кәсіпорындарға арналған бағдарлама қабылдау қажет»

Сарапшылардың айтуынша, қымбатшылық әлемдегі геосаяси жағдай реттелмейінше, жалғаса бермек. Тек жаз, күз айларында маусымдық жеміс-жидектер мен көкөністер шығып, баға тұрақталуы мүмкін. Аталған әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрін де өз елімізде шығаруға болады.

«Қазіргі таңда бағаны тұрақтандыру жұмыстары жүріп жатыр. Алайда баға қайта қалпына келетініне күмәнім бар. Өйткені Украинадағы қақтығыс қашан әрі қандай жағдайда аяқталатыны белгісіз. Санкциялар тез алына ма, жоқ па, осы ахуал тіпті бірнеше жылға созыла ма, жоқ па - оны да ешкім білмейді. Қазір жалпы бүкіл әлемде азық-түлік қымбаттап жатыр», - деді Расул Рысмамбетов.

Экономист Бауыржан Ысқақов елде өндірілетін отандық өнімнің қымбаттауын былайша түсіндіреді. Оның айтуынша, өнім өндіру үшін қажет заттар шет елдерден әкелінеді.

«Инфляция өсімі шегіне жеткен жоқ. Әлі де өседі деп айтуға болады. Мәселен, жұмыртқа отандық құс фабрикаларында өндіріліп, әрі оған мемлекет тарапынан субсидия беріліп отырса да, біз осы саланы әлі реттей алмай отырмыз. Өйткені қажетті тыңайтқыштар, жем-шөп, оның азығы қымбаттағандықтан, жұмыртқа өндірушілердің бағаны өсірмеуден басқа шаралары жоқ. Сол үшін кешенді жұмыс істелуі керек. Өнім өндіруге қажет бір ғана заттың өзіндік құны қымбат келгендіктен, отандық өнімді де қымбаттатуға мәжбүр. Өйткені фабрика болғандықтан, жұмыскерлеріне айлық беруі керек. Отандық кәсіпорындарға арналған бағдарлама қабылдау қажет. Субсидия немесе пайызсыз несие деген түсінік бар. Әлем елдерінде 0,01%-бен кәсіпорындарға несие береді. Қайтарымды несиелер, бірақ пайыздық мөлшерлемесі өте төмен. Міне, осындай жеңілдіктерді жасайтын болса, әр салаға қолдау көрсетуге мүмкіндік бар деп ойлаймын», - деді Бауыржан Ысқақов.

Сондай-ақ ол өңірлердегі тұрақтандыру қорының жұмысын жандандыру қажеттігін атап өтті.

«Қазіргі таңда мемлекет тарапынан бүкіл облысқа берілетін тұрақтандыру қорының қаражаты облыстың 8-10%-ын ғана қамтамасыз етеді. Яғни аз халыққа көмектесуге мүмкіндік бар. Осы қаражатты кем дегенде 50%-ға дейін көтеріп, тұрақтандыру қорын арзан азық түлікпен қамтамасыз ету арқылы инфляцияның алдын алуға мүмкіндік бар. Одан кейін әрине жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етуіміз керек»,-деді ол.

Азық-түлік тауарларының бағасын қадағалау

Мемлекеттік кірістер комитеті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары және тас көмірді бақылайтын пилоттық жобаны іске қосты.

Сондай-ақ Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев биыл азық-түлік тауарларын шығаратын 33 инвестициялық жоба іске қосылатынын мәлімдеді. Оның аясында 7 ет комбинаты, 10 сүт өңдеу зауыты, 10 құс фабрикасын салу және кеңейту бойынша жоба және 165 мың гектар аумақта 6 бақша салу жоспарланған.

«Жалпы 2022 жылға 33 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар республиканың 13 өңірінде жалпы сомасы 38 млрд теңгеге іске асырылады. Нәтижесінде 1,7 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Импортты алмастыру жөніндегі іс-шаралар аясында мынадай жүйелі шаралар қабылданатын болады: 23,6 млрд теңге сомасына жобаларды қаржыландыру, инфрақұрылымды дамыту, 6 млрд теңге көлемінде инвестициялық салымдарды субсидиялау және өнім сапасын бақылауды күшейту», - деді Ербол Қарашөкеев.

Министрліктің мәліметінше, елде азық-түліктің жеткілікті қоры бар. Бұған дейін әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қоры 1,4 млн тонна шамасында екендігі жарияланған. Ал бидайдың қоры 6,4 млн тонна шамасында. Азық-түлік қоры күн сайын толықтырылып, жаңартылып отыратыны да айтылған болатын.

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов Ұлттық банкте өткен баспасөз мәслихатында азық-түліктің әлемдік бағасы биыл да және 2023 жылы да жоғары деңгейде қалады деп болжанып отырғанын айтты.

«Сыртқы секторда инфляцияның жаһандық деңгейде өсуі үздіксіз жалғасып келеді. Оның артуына азық-түліктің қымбаттауы да айтарлықтай әсер етеді. Биыл наурызда азық-түлік бағасының индексі 1990 жылдан бері ең жоғары деңгейге жеткені айтылды. Өткен жылы азық-түліктің бағасы 33,6%-ға өсті. Азық-түліктің әлемдік бағасы биыл да және 2023 жылы да жоғары деңгейде қалады деп күтілуде. Азық-түлік пен шикізат нарығында сұраныс пен ұсыныс арасында дисбаланс байқалады. Бұған геосаяси жағдай, тыңайтқыштардың жоғары бағасы, сондай-ақ тауарды жеткізуге қатысты проблемалар себеп болып отыр», - деді ол.

Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасы биыл жаһандық инфляция жоғары болып қала беретінін жеткізді. Оның мәліметінше, дамыған елдерде инфляцияның өсуі бойынша болжамдық көрсеткіш 3,9%-дан 5,7%-ға дейін, ал дамушы елдерде – 5,9%-дан 8,7%-ға дейін артады.

Қорыта келе, қазіргі таңда сәуір айындағы тауарлардың бағасына қатысты толық дерек жоқ. Дегенмен 1 сәуір мен 12 сәуір аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тікелей мемлекет бақылайтын және реттейтін бағалар тағы 1,8%-ға, ал жыл басынан осы күнге дейін 13,4%-ға артқан. Сарапшылардың айтуынша, теріс динамика әлі де жалғасады. Алайда азық-түлік бағасының рекордтық өсімі тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде байқалып отырғанын ескерген жөн.

Венера Жоламанқызы


Соңғы жаңалықтар