БАӘ әуе компаниялары Қазақстан қалаларына тұрақты рейстерді ашпақ
«ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «ашық аспан» режімінде Қазақстанға жаңа әуе компанияларды тарту бойынша жұмыс жүргізуде. 2019 жылдың 13-14 қараша күндері Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің авиациялық биліктері арасында келіссөз жүргізілді. Келіссөзге «Fly Dubai», «Emirates Airlines», «Etihad Airways», «Air Astana», «SCAT» әуе компанияларының, сондай-ақ Қарағанды және Алматы қалаларының әуежайларының өкілдері қатысты.
Нәтижесінде, екі елдің тағайындалған тасымалдаушыларына Қазақстанда енгізілген 5-ші дәрежедегі «әуе еркіндігін» ұсынатын «ашық аспан» тәртібі аясында тұрақты рейстерді орындау үшін құқықтық база бекітілді. Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, БАӘ-нің тасымалдаушылары Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларынан 5-ші «әуе еркіндігін» ұсынатын «ашық аспан» тәртібі аясында тұрақты әуе тасымалдарын орындауға құқылы», - желінген комитет мәліметінде.
Қолда бар ақпаратқа сәйкес, әмірліктің әуе компаниялары «Дубай-Ақтау» бағыты бойынша тұрақты әуе сапарларын орындауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, «Emirates Airlines» әуе компаниясының 2021 жылы жаңа А330 және А350 әуе кемелерін алғаннан кейін, екі ел арасында тікелей тұрақты рейстерді ашу бойынша жоспары бар.
Айта кету керек, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында 2019 жылдың 1 қарашасынан бастап, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларында рейстер санына шектеулерді алып тастауды және шетелдік әуе компанияларына 5-ші әуе еркіндігін ұсынуды көздейтін «ашық аспан» режимі енгізілді. «Ашық аспан» режимі одан әрі ұзарту мүмкіндігімен 3 жылдық мерзімге қолданылады.