Бакуде Халықаралық Түркі академиясының III отырысы өтті

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат – Бүгін Бакуде Халықаралық Түркі академиясы ғылыми кеңесінің III отырысы өтті. Шара барысында Қырғыз Республикасы Білім және ғылым министрлігінің статс-хатшысы Жапаркул Ташиев өзі атқарып келген Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің төрағасы міндетін Әзербайжан өкілі, ӘР білім министрі Д.Байрамовқа тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиында Академия басшысы өткен жылы атқарылған жұмыс туралы есеп беріп, 2020 жылға арналған жұмыс жоспарын таныстырды. Ғылыми кеңес мүшелері 2019 жылы жүзеге асырылған игі істерге жоғары баға беріп, 2020 жылға арналған Академия жұмысының жоспарын бекітті, сондай-ақ келесі басқосуды Түркияда өткізуге келісті.

Сонымен қатар, кеңес мүшелері бірқатар мәселелер бойынша шешім қабылдады. Түркі әлеміндегі мерекелік даталар тізімі талқыланды, ғылым мен білім саласындағы серіктестік жайы, ғылыми-зерттеу жобалары, сонымен қатар, бағыттардың басымдылығы сөз болды.

Шара басталмас бұрын, агенттік тілшісінің сұрақтарына жауап берген Әзербайжан Білім министрі Джейхун Байрамов: «Бүгін Бакуде Халықаралық Түркі академиясы жұмысын бастайды. Кеңес аясында көптеген сұрақтар мен шаралардың өтуі талқыланады. Академия қызметінің бағыттарының бірі - түркі әлеміндегі бірегей тұлғаларды насихаттау. 2020 жылға арналған бағдарлама бекітіледі, онда Абайдың мерейтойы қарастырылған. Ерекше атап өтетін жайт, бүгін түстен кейін Баку мемлекеттік университетінде Әзербайжандағы Абай жылына арналған ғылыми-конференция болады. Айта кетсем, аталмыш ЖОО-да көп жылдан бері Абай орталығы жұмыс істейді және Абай жылын осы орталықта ашу өте маңызды. Жыл бойы Әзербайжанның түрлі университеттерінде Абай жылына арналған дөңгелек үстелдер, ғылыми семинарлар ұйымдастырылады. Әзербайжан делегациясы да Қазақстан мен басқа да түркітілдес мемлекеттерде болып жатқан шараларға қатысады деп ойлаймыз», - деп атап өткен еді.

Түркі әлеміндегі 2020 жылғы атаулы күндердің ішінде Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы,Манастың 1025 жылдығы, жазушы әрі публицист Нариман Наримановтың 150 жылдығы бар.

Келелі бас қосуға Әзербайжан Республикасының Білім министрі Джейхун Байрамов, Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Қанат Сәрсембаев, Қырғыз Республикасы Білім және ғылым министрлігінің статс-хатшысы Жапаркул Ташиев, Түркия Республикасы Ұлттық білім министрлігінің білім және тәрбие кеңесінің төрағасы Бурханеттин Донмез және Әзербайжан Ғылым академиясының президенті Рамиз Мехдиев қатысты.

Шара қатысушылары мен қонақтарына кітап көрмесі ұйымдастырылды.


Соңғы жаңалықтар