Бақыт Сұлтанов Францияға экспорт үшін жарты миллиард доллардың тауарлар тізбесін ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Парижде Еуропа және Сыртқы істер министрлігі жанындағы Мемлекеттік хатшы Жан-Батист Лемуанмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрдің Facebook-парақшасына сілтеме жасап.

«Парижде Еуропа және Сыртқы істер министрлігі жанындағы Мемлекеттік хатшысы Жан-Батист Лемуанмен кездестім. Ол Үкіметтің сауда мәселесіне жауап беретін мүшесі, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Француз-Қазақстан үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы болып табылады. Біз маусым айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ДСҰ-ның министрлік конференциясына дайындық барысын талқыладық.

Франция бұл кездесуге үлкен үміт артып отыр. Сауда-саттықтағы бәсекелестік және протекционизм бірыңғай жана-жақты әлемдік сауда қағидалары үшін барынша қатерлі, сондай-ақ қазіргі жағдайда даму үшін серпін беру қажет деген ортақ пікірге келдік. Сауда-экономикалық қатынастарды дамыту жайын талқыладық. 2019 жылдың 11 айында Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы 4 млрд. долларды құрады. Францияға қазақстандық экспорттың 1% өскенін атап өтеміз. Біз Парижге шикі мұнай, уран, катод пен мыс, балық өнеркәсібі өнімдерін жеткіземіз. Өткен жылы экспорт 3,4 млрд долларды құрады»,-деп жазды Бақыт Сұлтанов.

Ол келтірген мәліметтер бойынша, Франциядан Қазақстанға ұшу аппараттары, дәрі-дәрмек заттары мен вакциналар, электр трансформаторлары жеткізіледі.

«Әріптесіммен тауар айналымын өсіру мүмкіндіктерін де талқыладық. Қазақстан өз экспортының құрылымын әртараптындыруды мақсат етуде. Франциялық әріптестерге Франция нарығы талап ететін, құны жарты миллиард доллардың 85 түрлі әлеуеттік тауарлар тізбесін зерделеуді ұсындым. Бізде бидай ұнын, металлургия, химия өнімдерін жеткізуді қосымша ұлғайту мүмкіндіктері бар. Лемуан мырзамен болған әңгіме тауар айналымын өсіру үшін бірлесе жұмыс жасауға серпін береді деп сенемін»,-деп қосты министр.




Соңғы жаңалықтар