Бақытжан Базарбек Жер кодексінен «үлестес заңды тұлға» ұғымын алып тастауды ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жер кодексінің 12-бабына сәйкес, үлестес заңды тұлға өзінен бөлек 10, тіпті 100 заңды тұлға ашып, олардың әрқайсына құрылтайшы бола алады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жер реформасы комиссиясының отырысында заңгер Бақытжан Базарбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Материалистердің пайда болуы қоғамның наразылығын туғызып отыр. Үлкен-үлкен жерлерді, мыңдаған, миллиондаған гектар жерді меншіктеп алған жер иеленушілері бар. Үлестес заңды тұлға Жер кодексінің 12-бабына сәйкес өзінен бөлек 10, тіпті 100 заңды тұлға ашып, оның әрқайсысына құрылтайшы бола алады. Әрбіріне тиісті шекті көлемде жерді рәсімдеп, ал шын мәнінде ол жердің бәріне өзі иелік етуге мүмкіндігі бар», - дейді «Bazarbek&Partners» заң компаниясының бас директоры Базарбек Жұмабекұлы.

Оның айтуынша, мұндай монополияның алдын алу үшін Жер кодексінің 50-бабы, 3-тармағынан «үлестес заңды тұлға» деген ұғымды алып тастау керек.

«Бұл ұғымды заңнан алып тастау керек немесе «заңды тұлға мен оның үлестес тұлғалары жалпы жиынтықпен бір ғана көлемдегі жерге ие болуы тиіс» деген ұғымды енгізуіміз керек. Бұл – халық үшін игі бастама болар еді», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар