Бақытжан Сағынтаев қаланың сел жүруі мүмкін қауіпті аймақтарын тексерді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың селден қорғайтын бөгеттер салынып жатқан жерлерде болып, өзен арналарын жақсарту және инженерлік коммуникациялар салу барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мегаполис әкімі Instagram парақшасында Есентай, Тіксай, Жарбұлақ өзендерінің жағалауларын қайта құру және абаттандыру барысы туралы айтты.

«Гидротехникалық құрылысты қоса алғанда, өзен арналары ретке келтірілмек. Жағалаулар габионмен нығайтылып, қараусыз қалған учаскелерде жаяу жүргіншілерге арналған жолы бар жаңа қоғамдық кеңістік құрылады. Жүруге ыңғайлы жол жабындысы төселіп, қойылатын орындықтардың табиғи материалдан болуына мән бердім», - деп жазды Б. Сағынтаев.

Сонымен қатар, әкім Үлкен Алматы мен Ақсай өзендері бассейндеріндегі бөгеттердің құрылыс алаңдарын қарап шықты. Оның мақсаты – қаланы селден қорғау. Бұл өзендердің бассейндерінде, тауларда қауіпті үш мореналық көл бар.

«Құрылыс жұмыстары кезінде қозғалысқа шектеу қойылуы мүмкін. Жасыл экономика басқармасына жұртшылықпен бірлесіп, мәжбүрлі түрде кесілген жасыл желектің орнына өтемдік негізде егілетін жұмыстарды бақылауды тапсырдым», - деді Алматы әкімі Б. Сағынтаев.

Әкім Наурызбай ауданына қарасты Қарағайлы ықшам ауданындағы Тәжиев көшесінің бойымен Қарғалы өзені арқылы өтетін көпірдің жөндеу жұмысын, Ақжар мен Тастыбұлақ ықшамауданындағы инженерлік желілердің құрылысын көріп қайтты.

Б. Сағынтаев тұрғындармен кездесіп, мәселені жеке бақылауына алатынын айтты. Жоба толық аяқталысымен жолдар қалпына келтіріледі. Сумен жабдықтау және су бұру желілерін жүргізу жұмыстарының сапасына ерекше мән беріледі. Тұрғындар үнемі хабардар болып отырады.


Соңғы жаңалықтар