Бақытжан Тәжібай: Дәрігердің жағдайының дұрыс болғаны науқасқа тиімді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлердің қылмыстық жауапкершілігін қайта қарауды тапсырды.

«Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігінің елордалық филиалының төрағасы Бақытжан Тәжібай бұл шара дәрігердің мәртебесіне сөзсіз әсер етеді деп санайды.

«Мен Мемлекет басшысының медицина қызметкерлерінің қылмыстық жауапкершілігіне қатысты мәселесі бойынша бастамасын толық қолдаймын. Бұл медицина мамандары үшін жағымды жаңалық болды деп ойлаймын. Соңғы уақытта қоғамда медицина қызметкерлері мен науқастардың арасына жік салушылар пайда болғаны байқалады. Бұл дұрыс көзқарас емес. Дәрігердің мақсаты көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу. Теориялық және практикалық жағынан қарағанда медициналық көмекті мінсіз етіп ұйымдастыру мүмкін емес. ҚР Қылмыстық кодексінде «негізі бар тәуекел» деген ұғым бар. Медициналық қызметкерлер үнемі осы тәуекелде жүреді», - дейді Бақытжан Тәжібай.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының бұл ұстанымы дамыған мемлекеттердің ережелерімен сәйкес келеді.

«Әдетте емдік шаралар нәтижесін бермесе науқастар кінәліні іздей бастайды. Осындай кезде кінәсі жоқ дәрігерлердің өзі өзіне тағылғап айыпты мойындауы керек болады. Мемлекет басшысының бұл ұстанымы дамыған мемлекеттердің ережелерімен сәйкес келеді. Науқас зардап шексе, ол үшін юіреу дауап беруі керек. Медицина қызметкері қылмыстық жауапқа тартылғаны дұрыс емес, ол құқықтық немесе әкімшілік жауапқа ғана тартылуы керек. Медициналық жәрдемнің мақсаты – адамның денсаулығын қалпына келтіру. Президент айтқандай, медицина қызметкері заңдық және қаржылық тұрғыда қорғалған болса, ол дәрігердің мәртебесіне де әсер етеді», - дейді ол.

Бақытжан Тәжібай дәрігерлер жауапкершілігін барынша арттырып, жұмыс орны қауіпсіз болуы үшін барлық жағдай жасалуы керек екенін айтты.

«Дәрігердің жалақысы жақсы болуы керек және біліктілігін арттыратын, үнемі, үздіксіз оқу мүмкіндігі болуы керек. Мұның бәрі дәрігердің қабілеті мен мәртебесінің өсуіне ықпал етеді. Жұмыста жағдай жасалса, медициналық қызметкер жоғары жалақы алса, үздіксіз оқыса, ол науқас үшін де тиімді. Осындай жағдай жасалса, медициналық көмектің сапасы жоғары болады. Профилактикалық жұмыс жүргізіліп, дәрігер жіберетін қателіктер азаяды», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар