Бақытжан Жұмағұлов: AMANAT – халық сенімі, қоғам тірегі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – AMANAТ - халық сенімі, қоғам тірегі, жауапкершілік пен әділеттілік кепілі. Мұндай пікірді Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаңтар қасіретіне қарамастан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында айтылған экономикалық және саяси реформаларды одан әрі жалғастырып келеді. Мемлекет басшысының әлемдік деңгейдегі саяси тұлға екенін заман көрсетіп отыр. Ол Тәуелсіз еліміздің 30 жылда жеткен табыстарын айта отырып, жаңа Қазақстанның жаңа мәселелерін айқындады. Сын сағаты кезінде тайсалмады. Бабалар арманы - Тәуелсіздікті сақтап қалды. Осылай өзінің тар кезеңде дұрыс шешім қабылдай алатын, жауапкершіліктен қашпайтын ірі саяси тұлға екенін танытты. Президент сайлауында жеңіске жеткен күннен бастап қоғамдық өмірдің бар саласын реформадан өткізу саясатын жүргізді. Енді қоғам да, адам да бұрынғыдай өмір сүре алмайтынын білді», - деді ол.

Сенатор сондықтан да Мемлекет басшысы Қазақстанды жаңғырту жолын таңдағанын айтады.

«Осылайша «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясы жасалды. Одан кейін жаңа Қазақстан жолы таңдалды. Бұл не? Қандай бағыт? Бұл жайлы соңғы жылдары экономикада саяси реформа тұрғысында жасалған алғашқы қадамдарды айтсақ та жеткілікті. Ауыл әкімдерінің сайлауы өтті, саяси партиялардың рөлін көтеруге бағытталған заңнамалық қадамдар да жасалды. Енді аудан әкімдері сайланатын болады. Көлеңкелі экономикамен күрес, коррупцияны құрықтау, әділ қоғам құру мақсаты да қойылды. Міне, осы жолда Мемлекет басшысы жаңа бағыт, жаңа жол таңдады. Алдағы уақытта жария етілетін Жаңа Қазақстанның жаңа жолын халық асыға күтеді», - деді ол.

Сондай-ақ сенатор бүгінгі «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезінде ұйым атауын «Аманат» деп өзгертуге қатысты ойымен бөлісті.

«Енді партияның аты «Аманат» деп өзгертілді. Бұл сөздің астары мен мазмұны терең. Аманат - халық сенімі, қоғам тірегі, жауапкершілік пен әділеттілік кепілі. Енді партияның аты ғана өзгеріп қоймай, оның жұмыс істеу тәсілдері де жаңғырады. Партия мен халықтың бірлігі артады. Ол қоғамдық өзгерістердің, болашақта жүргізілетін барлық жүйелік өзгерістердің басында тұратын жаңа партия болмақ», -деді Бақытжан Жұмағаұлов.


Соңғы жаңалықтар