Балаева: Қоғам үшін жағымды және танымдық ақпараттық кеңістік қалыптастыру қажет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қоғам үшін жағымды және танымдық ақпараттық кеңістік қалыптастыру қажет. Бұл туралы Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұмыстың тиімділігі, ең алдымен, оған жасалған жағдайға байланысты. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, қай жерде әкім «Рухани жаңғыруды» дұрыс түсініп, жұмысты жеке бақылауына алса, сол өңірлерде бағдарламаның нәтижелігі де жоғары. Мысалы, Алматы, Қостанай облыстарында жүйелі жұмыс көрініп тұрса, Маңғыстау, Батыс-Қазақстан сияқты өңірлерде бұлай айта алмайсың. Сондықтан да, облыстарда жаңадан құрылған «Рухани жаңғыру» мемлекеттік мекемелерін материалдық-техникалық тұрғыдан да, кәсіби маман тарту жағынан да тұрақты қолдауы қажет» , - деді министр.

Оның атап өтуінше, елімізде болып жатқан соңғы оқиғалар әлеуметтік желілерді қолдану мәдениетін дамытудың өзекті екенін көрсетті.

«Қоғам үшін жағымды және танымдық ақпараттық кеңістік қалыптастыру қажет. Бұл орайда ақпаратты жылдам жеткізудің маңызы зор. Сондықтан да, «Рухани жаңғыру» жобаларына жауапты барлық мемлекеттік органдарға бірінші кезекте интернет кеңістігінде, әлеуметтік желі парақшаларында жұмысты күшейту керек « , - деді Аида Балаева.

Еске сала кетейік, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі тереңдетіп, Ұлттық жаңғыру кезеңіне өткізудің арнайы Жол картасын жасау қажет деген шешім қабылданды. Бұл құжат аса маңызды ұлттық жоба ретінде жүргізіледі.

Ұлттық жаңғыру жобасының ең басты мәні – ұлттың бәсекеге қабілетін арттыру. Бұл – ұлттық жаңғырудың стратегиялық мақсаты болып қалады.

Жол картасында Мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру, Білім және ғылымды дамыту, Жоғары ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру, Еңбек адамын қалыптастыру, Ауылды түлету сияқты кешенді іс-шаралар қамтылады.

Мемлекеттік хатшы отырысты қорытындылай келе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттары бойынша жұмысты одан әрі жандандыру бойынша нақты тапсырмалар берді.


Соңғы жаңалықтар