Балаларда «омикрон» белгісі байқалса, не істеу керек – дәрігер кеңесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның жетекші инфекционист дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешева «омикрон» штамының басты белгілері туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

− Динагүл Аяпбекқызы, «омикрон» штамының симптомдары мен клиникалық белгілері қандай?

− Баршаңызға белгілі, коронавирус инфекциясының мутацияланған «омикрон» штамы біздің елге де жетті. Жаңа штамның таралғанына үш аптадан асты, дәл қазір «омикрон» жұқтырған науқастардың апатты түрде көбеюін көріп отырмыз. Дегенмен, «дельта» және басқа штамдарға қарағанда, «омикронмен» сырқаттану жеңілдеу өтеді. «Омикронның» басты белгілерінің бірі - жоғарғы тыныс жолдарының зақымдануы, басқа да клиникалық белгілері – дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік, бұлшықеттердің ауруы, тамақ ауруы және жөтел байқалады.

− Қай санаттарда жаңа штамды жұқтыру қаупі жоғары?

− Мұны тек ересектердің ғана емес, барлық жастағы тұрғындардың жұқтырғанын көріп отырмыз. Алдыңғы штамдар негізінен ересектерге әсер етіп, ауыр түрде өтсе, қазіргі «омикрон» штамы балаларға, жаңа туған нәрестелерге, жүкті әйелдерге және басқа да барлық санатқа әсер ететінін көріп отырмыз. Вирусқа тап болғандардың бәрі ауырып қалуы мүмкін, бірақ олардың 80%-ында басқа штамдар сияқты сырқаттану жеңіл өтеді. Әрине, әр кезде де вирусты ауыр өткеретін қауіпті топ бар екенін ұмытпау керек. Бұл топқа 60 жастан асқан, бұған дейін коронавируспен ауырмаған және вакцина алмаған, қант диабеті, семіздік, гипертония, эндокриндік аурулары қатар жүретін тұрғындар жатады. Балаларға келсек – туа біткен даму кемістігі бар балалар, онкогематологиялық науқастар, ақуыз-энергетикалық балансы бұзылған балаларда сырқаттану ауыр өтуі мүмкін.

− Балалар вирус жұқтырған жағдайда қандай симптомдар көрінеді?

− Алдыңғы штамдар ересектерде жиі байқалатын, ал «омикрон» негізінен жоғарғы тыныс жолдарына әсер етсе де, балаларға, әсіресе 3 жасқа дейінгі балаларға жұғып отыр. Себебі, шырышты қабық пен дауыс желбезегінің зақымдануы және қабынуы балаға қауіп төндіреді. Мұнда дауыс тембрі өзгереді – дауыс қарлығып, үрме жөтелге ұласады және тыныс алу қиынға соғады. Егер балаңызда осындай белгілерді байқасаңыз және мұның бәрі дене қызуымен бірге жүрсе, тек қана коронавируспен емес, кез келген басқа инфекциямен (тұмау, аденовирус инфекциясы, қоздырғыштар) ауырса, көмейдің шырышты қабығы, дауыс желбезегі қабынуы мүмкін. Ешқандай компресс жасамаңыз, қыздырмаңыз, дереу медициналық көмекке жүгініңіз. Мамандар тамақтың зақымдану дәрежесін анықтайды және тиісті ем-дом тағайындайды.

− «Омикронның» кейінгі салдары қандай болуы мүмкін?

− «Омикрон» тыныс алу жолдарын зақымдайды, бірақ өкпеден тыс, жүрек, ми зақымдары да кездесеуі мүмкін. Мысалы, «дельта» штамынан кейін балаларда көпжүйелі қабыну синдромы байқалды. Әзірге «омикроннан» мұндай асқынуларды көріп отырған жоқпыз Алайда, біраз уақыттан кейін пайда болуы мүмкін. Әзірге біз бақылау жүргізіп отырмыз және жағдайдың қалай өзгеретінін қараймыз.

− Елімізде «омикрон» штамымен ауырудың шарықтау шегі қашан болуы мүмкін?

− Шетелдік ғалымдардың айтуынша, аурудың шарықтау шыңы 4-8 аптаға келеді. Яғни, қазір біз үшінші аптадан өтіп жатырмыз. Бәлкім қаңтардың аяғында, ақпанда немесе наурыздың басында байқалатын шығар.

Әрине, бұл жағдайда да вакциналау тақырыбы өзекті болып қала береді. Адам вакцина салдырса, оның ағзасы вирустармен күресуге дайын болады. Тиісінше, ауруды жұқтырмауға немесе жеңіл өткеруге мүмкіндігі бар.

Вирустан қорғану үшін ең алдымен, халық көп жиналатын орындарға барудың қажеті жоқ. Айталық, сауда-ойын-сауық орталықтары, әуежай, вокзалды қарасаңыздар, емізулі нәрестелері бар әйелдер өте көп. Демек ата-ананың өздері балаларына вирус жұқтыруға ықпал етеді. Кішкентай бір жасар бала сауда орталығына өз аяғымен бармайды ғой. Сондықтан, мәселеге дұрыс қарауымыз керек және жіті түсіндіруіміз керек.


Соңғы жаңалықтар