Балаларды оңалту орталықтарында қандай заңбұзушылықтар жиі тіркеледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық алдын алу тетігі үйлестіру кеңесінің мүшесі Лаура Ақатаева балаларды оңалту орталықтарында қандай заңбұзушылықтар жиі тіркелетінін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мониторгтік тексерулер нәтижесінде, 2019 жылы арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған балалар орталықтарының 50 пайызы балалардың қажеттіліктеріне сәйкес келмейтіндігі анықталған. Атап айтқанда, олардың заңды құқықтары бұзылып, медициналық қызметтің сапасы сын көтермейді. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 30 пайызды құрады.

«Осындай орталықтарда балалардың әлеуметтік, білім беру және педагогикалық қызметтермен толық қамтылмауы, таза ауызсуға тегін қол жеткізе алмауы, оларды тасымалдауға арналған арбалардың болмауы жиі кездеседі. Сондай-ақ медициналық құжаттардың дұрыс жүргізілмей, қажетті дәрі-дәрмектердің болмауы, дәрілердің жарамдылық мерзімінің асуы сынды фактілер де тіркелген», - деді Лаура Ақатаева.

Оның айтуынша, маман тапшылығы мәселесі де өте өзекті. Мәселен, Алматы облысы Талғар ауданындағы «Аяла» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында паллиативті және дағдарыс тобындағы 41 бала психолог, дефектолог, логопед мамандардың қызметтерімен қамтылмаған. Бұл орталықтағы жалпы бала санының тең жартысы.

Бұдан бөлек, емделушілерге психотроптық препараттарды шамадан тыс тағайындайтындар анықталды. Аталмыш мекемеде 1 ай ем-дом қабылдаған бала хлорпромазиннің 25 мг дозадасындағы 186 таблеткасын ішкен.

«Тексерулер барысында кейбір орталық қызметкерлерінің балаларға күш қолданып, психологиялық қысым көрсеткендігі белгілі болды. Олардың қатарында күтушілер, әдіскерлер, дәрігерлер және тіпті директорлар да бар. Балалар өз сөздерінде орталық мамандарының түнде ішімдік ішетіндігін де айтты. Расымен де мониторинг кезінде бір орталықтағы шкафтардың бірінен бос алкоголь бөтелкелері табылған болатын», - деді Л.Ақатаева.


Соңғы жаңалықтар