Балқашта 2 жасар қызымен бірге жоғалып кеткен ер адам табылды

None
None
БАЛҚАШ. ҚазАқпарат - Балқаш қаласында іздеуге жарияланған 44 жастағы ер адам мен оның 2 жасар қызы табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

14 мамыр күні сағат 00.20-да Балқаш қаласының полиция бөліміне 37 жастағы әйел жүгінген. Ол 44 жастағы күйеуі екі жасар қызымен бірге 13 мамырда түстен кейін үйден шығып, қайтып оралмағанын айтқан. Сондай-ақ, жолдасының ұялы телефоны өшірулі тұрғанын жеткізген.

Полиция қызметкерлері анықтағандай, ер адам отбасымен соңғы рет 13 мамыр күні сағат 17.00 шамасында байланысып, қызымен бірге үйіне қайтып келе жатқанын хабарлаған. Осыдан кейін ол кенет жоғалып кеткен. Кешке дейін күйеуі мен қызын күткен әйел, түн ортасында полицияға жүгінген.

«Хабар-ошарсыз кеткен ер адам мен баланың орналасқан жерін анықтау мақсатында полиция бөлімінің жеке құрамы және оған қарасты барлық қызметтер бағдарланды. Бес іздеу тобы құрылды, олар дереу қаланың барлық аудандарында іздеу жұмыстарын жүргізе бастады. Сондай-ақ, еріктілер мен басқа да жанашыр азаматтар құқық қорғау органдарына көмек көрсетті», - дейді Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Іздестіру іс-шаралары барысында жоғалған ер адамның байланыстары пысықталды, саяжай және гараж массивтері тексерілді. Сонымен қатар, қаладағы барлық уақытша қабылдау мекемелері тексерілді.

«Бірнеше сағаттан кейін өтініш берушінің күйеуі мен қызы өздері қайтып келген. Белгілі болғандай, ер адам танысын кездестіріп, соның үйінде түнеп қалған. Осылайша, ол екі жасар қызымен кенеттен жоғалып кетуінің салдары туралы ойламай, жауапсыздық танытқан», - деді полициядан. .


Соңғы жаңалықтар