Балқашта биыл жаңа жылу магистралінің құрылысы аяқталады

None
None
БАЛҚАШ. ҚазАқпарат – Балқашта өткен жылы жаңа жылу магистралінің құрылысы басталған еді. Бұл жобаны іске асыру «Қоңырат» шағынауданы тұрғындарының көпжылдық проблемасын шешуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі таңда жұмыстың басым бөлігі аяқталды. Ал нысанды осы жылдың жазында іске қосу жоспарлануда.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен онлайн-кеңесте Балқашты дамытудың 2021 жылға арналған жоспарлары талқыланды.

«ЖЭО-дан «Қоңырат» шағынауданына дейін жылу құбырын салу бойынша ірі жобаны іске асыру аяқталуда. Желілердің ұзындығы – 17 шақырым. Қазір жұмыстар 80%-ға аяқталды. Келесі жылыту маусымына дейін үйлерді жаңа жылу трассасына қосу жоспарланған», - деді қала әкімі Ораз Тәуірбеков.

Осы шағын ауданда орамішілік желілер құрылысының жобасы әзірленіп, сараптамадан өтті.

Өткен жылы Балқашта тұрғын үй құрылысы екі еседен астам өсті. 14 422 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қала басшысының ақпараты бойынша, биылғы жылға жоспарлар одан да көп. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 18 мың шаршы метрді құрайтын төрт 45 пәтерлі үй пайдалануға беріледі. Төрт көпқабатты үйдің құрылысы жеке инвестицияға салынады деп жоспарланған.

2021 жылы Балқашта 11 ауланы, Тәуелсіздік алаңын абаттандыру көзделген. Жеті көшенің жолдарын орташа жөндеуге және екі жаңа жол айрығын салуға қаражат қарастырылған.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша жаңа емхана салу мүмкіндігі қарастырылуда.

2021 жылға Балқашта 47,1 млрд теңге көлемінде инвестиция жоспарланған. «Қазақмыс» корпорациясы кәсіпорындарды жаңғыртуға қаржы салуға ниетті.

Өңірде «жасыл» энергетика дамуда – Балқаш маңында тағы бір күн электр станциясы салынуда.

«Жалпы, Балқашта өткен жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштерінің оң серпініне қол жеткізілді. Тұрғын үй құрылысы жанданды. Жұмыспен қамту жол картасы бойынша 10 инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. Мысалы, Саяқ ауылында су құбыры желілері ауыстырылып, жарық берілді. Тұрғындар үшін маңызды болып табылатын «Қоңырат» жобасын жүзеге асыруды бастадық. Биыл балқаштықтардың әл-ауқатын жақсарту және жайлы қалалық орта құру жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет», - деді Жеңіс Қасымбек.


Соңғы жаңалықтар