Балық өнімдерінің 70 пайызы «көлеңкелі секторда» жүр - Сенат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат төрағасы Дариға Назарбаева балық шаруашылығы саласының өкілдерімен жұмыс бабында кездесті. Бұл жөнінде Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева парламенттік тыңдауға дайындық аясында балық шаруашылығы саласының өкілдерімен жұмыс бабында кездесу өткізді.

Кездесуде «Қазақ балық шаруашылығы» ЗТБ атқарушы директорының міндетін атқарушы Серік Темірханов балық өсірумен айналысатын кәсіпкерлер мен фермерлердің негізгі мәселелеріне назар аударды. Олардың қатарында балық өнімдері айналымының есепке алынбаған көлемінің ауқымы, шикізат тапшылығы, суда өсіруді дамыту деңгейінің төмендігі, экспорт аясының тарлығы, ғылыми-зерттеу институттарының саладағы өзекті мәселелерден алшақтықтығы бар.

С.Темірханов ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан саланы әкімшілендірудің жетіспеушілігіне назар аударды, оның айтуынша, «еліміздің ауыл шаруашылығы индустриясындағы балық шаруашылығының рөлі туралы түсінік әлсіз болып отыр».

Сала өкілдерінің бағалауынша, балық өнімдері айналымының 70 пайызы заңды базардан сырт қалып, «көлеңкелі сектордан» орын алған. С.Темірханов балық пен балық өнімдерін шаруашылықтардан дүкен сөрелеріне дейін қадағалау жүйесін енгізу жағдайды жақсарта алар еді деп есептейді.

Сенат төрағасы Д.Назарбаева жұмыс кездесулерінің қорытындысы бойынша Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің өкілдері көтерген өзекті мәселелерді зерделеуді және оларды 2020 жылға жоспарланған парламенттік тыңдауда талқылауға дайындауды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар